Шайдоровты дайындауға қанша қаражат жұмсалды

Qaz365.kz редакциясы
Сали Сабиров

2025 жылы мемлекет мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровты дайындауға 263,4 миллион теңге бөлген. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрлік мәліметінше, қаржы спортшының жеке дайындығына ғана емес, оның мамандар командасына да бағытталған. Жыл ішінде 19 оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылған, оның сегізі Қазақстанда, 11-і шетелде өткен. Бұл жиындарға 47 миллион теңге жұмсалған. Ал бес халықаралық жарысқа қатысу шығыны 16 миллион теңгені құраған.

Спортшының жылдық жалақысы 33,9 миллион теңге болған. Оның жеке жаттықтырушысы Алексей Урманов 26 миллион теңгеден астам, ал хореограф Иван Регини шамамен 23 миллион теңге алған.

Бұдан бөлек, жарыс бағдарламаларын қоюға, екі костюм тігуге және авторлық құқықтарды сатып алуға қосымша қаражат бөлінген. Әлем чемпионаты мен Азия ойындарындағы жоғары нәтижелері үшін Шайдоров 6,7 миллион теңге көлемінде біржолғы сыйақы алған, ал жаттықтырушылар штабына 1,5 миллион теңге төленген.

Бұған дейін Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Михаил Шайдоров ай сайын 1,5 миллион теңге көлемінде келісімшарттық төлем алатынын айтқан.

Министрлік мәліметінше, мәнерлеп сырғанаушылардың жаттықтырушыларының еңбекақысы да мемлекет есебінен төленеді. Михаил Шайдоровты Ресейде тұратын Алексей Урманов жаттықтырады, ал спортшы Сочиде дайындалады.