25 ақпанға қараған түні Астана әуежайында Милан – Кортина Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қарсы алу рәсімі өтті. Ел намысын абыроймен қорғаған фигуристерді жанкүйерлер, спорт журналистері және еліміздің жоғары лауазымды тұлғалары күтіп алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Салтанатты шараға Спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин арнайы қатысты.
Жеңімпаздарды қарсы алу барысында оларға мемлекет және демеушілер атынан баспана кілттері табысталды. Михаил Шайдоровқа — Олимпиада чемпионы ретінде үш бөлмелі пәтер, Софья Самоделкинаға бір бөлмелі пәтер берілді.
Сондай-ақ спортшылардың жетістігінде маңызды рөл атқарған жаттықтырушылар да пәтерсіз қалған жоқ. Оларға да баспана тарту етілді.
Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров өзін күтіп алуға келген қауымға ақжарма тілегін білдіріп, бұл жеңіс оған үлкен мотивация беретінін айтты.
«Осындай кеш мезгілде мені қарсы алуға келген жандарға алғысым шексіз. Олимпиада ойындарында көк байрағымыз ең биік тұғырда тұрғанда мақтаныш сезімі кернеді. Осыншама жылы лебіздер мен бағалы сыйлықтар үшін рақмет. Бұл мен үшін алға жылжып, еліміздің даңқын асыра түсуге үлкен мотивация. Баршаңызға рақмет!» — деді чемпион.
ҰОК басшысы Геннадий Головкин фигуристерді елдің жаңа қаһармандары деп атады.
«Қазақстан бұған лайықты болды. Достар, бізде мәнерлеп сырғанаудан алтын бар — бұны мақтан тұтыңыздар. Бұл — біздің жаңа батырларымыз», — деп атап өтті ол.