Ақорда резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын қабылдап, салтанатты түрде марапаттады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Президент өз сөзінде бұл жеңістің Қазақстан үшін тарихи маңызы бар екенін, өйткені еліміз араға 32 жыл салып барып қана Қысқы Олимпиаданың алтын жүлдесіне қол жеткізгенін ерекше атап өтті.
«Біріншіден, бұл – көптен күткен, яғни, 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлде. Екіншіден, бұл – мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Үшіншіден, күллі әлем елімізде әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екеніне куә болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Кортина д’Ампеццо мұз айдынында жарқыраған Михаилдың жетістігін нағыз триумф деп бағалап, бұл жеңіс спортшының темірдей тәртібі мен өз ісіне деген шексіз махаббатының жемісі екенін айтты.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионның әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне айрықша тоқталып, оған отаншыл азамат тәрбиелегені үшін ризашылығын білдірді.
«Станислав Александрович – мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Әкесі, тұңғыш бапкері ретінде Михаилдың мұз айдынындағы алғашқы қадамын жасауға көмектесіп, өмірдің ең қиын сәттерінде әрдайым ұлының жанында болған адам. Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан Республикасының көк Туын әлемнің басты спорт аренасында биік желбіреткен осындай ұлды, отаншыл азаматты тәрбиелегеніңіз үшін Сізге шын жүректен алғыс айтамын», – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты іс-шара аясында Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарындағы ерен жетістіктері үшін Михаил Шайдоровты ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, ал оның жаттықтырушы-кеңесшісі Алексей Урмановты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Сонымен қатар ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасанова, бапкер Станислав Шайдоров және Қазақстандық конькимен мәнерлеп сырғанау одағының президенті Бауыржан Ералы «Құрмет» орденіне ие болды.