Халықаралық конькишілер одағы қазақстандық төрешіге тағылған айыптарға қатысты жауап берді

Qaz365.kz редакциясы
olympic.kz

Халықаралық конькимен сырғанаушылар одағы (ISU) Италиядағы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан төрелік еткен қазақстандық Надежда Парецкаяға тағылған «біржақтылық танытты» деген айыптарды жоққа шығарды. Ұйым өкілдері отандасымыздың жұмысын жоғары бағалап, оның кәсібилігіне күмән келтірмейтіндерін жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

ISU-дың мәнерлеп сырғанаудағы адалдықты қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ребекка Кэрнс жолдаған хатта Парецкаяның төрелігі толықтай ережелерге сай болғаны жазылған.

«Сіздің Ойындардағы төрелігіңіз ISU ережелеріне сәйкес келді, ол бейтарап және ұлттық деңгейдегі біржақтылықтан ада болды. Мәнерлеп сырғанаудың әділ әрі құрметті спорт түрі болып қалуы үшін Одақ төрешілерден дәл осыны талап етеді», — делінген ресми хатта.

Дау неден басталды?

Бұған дейін БАҚ беттерінде қазақстандық төрешіге қатысты сын айтылған болатын. Кейбір сарапшылар мен жанкүйерлер Парецкая «ресейлік спортшыларға жоғары ұпай беріп, қалған сырғанаушылардың бағасын негізсіз төмендетті» деп айыптаған еді.

ISU өз мәлімдемесінде Парецкаяға қатысты БАҚ немесе қоғам тарапынан жасалып жатқан кез келген қудалау әрекеттерін қатаң айыптады. Ал Қазақстанның мәнерлеп сырғанау федерациясы мұндай деңгейдегі маманның Олимпиада алқасына қабылдануы ел спорты үшін үлкен мәртебе екенін, бұл Қазақстанда әлемдік деңгейдегі сарапшылардың бар екенін дәлелдейтінін атап өтті.

Ұлттық Олимпиада комитеті де төрешілерді ISU өздері таңдайтынын, бұл үшін маманның халықаралық санаты мен ірі жарыстардағы тәжірибесі негізге алынатынын еске салды.