Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Алматыға келді

Qaz365.kz редакциясы

Чемпионды жанкүйерлер, туыстары және спорт қоғамдастығының өкілдері қарсы алды

Qaz365.kz

Алматы әуежайында жанкүйерлер мәнерлеп сырғанаудан Миландағы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты ерекше ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Чемпионды жанкүйерлер, туыстары және спорт қоғамдастығының өкілдері қарсы алды.

Михаил Шайдоровты, оның әкесі және тұңғыш тренері Станислав Шайдоровты, мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Әсем Қасанованы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым мен спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы құттықтады.

Олимпиада чемпионы жеңіске жету жолында өзін қолдаған барлық жанкүйерлерге алғысын білдірді.

«Түн ортасында осылай мені қарсы алуға келгендердің барлығына үлкен алғысымды білдіргім келеді, Мен өте қуаныштымын. Алдыма қойған мақсаттарым көп. Мен мұнымен шектелмеймін. Алда үлкен жоспарлар бар және үлкен жеңістер де болады деп үміттенемін. Әрине, мен Қазақстанда мәнерлеп сырғанауды кеңінен насихаттағым келеді, сондықтан спорт осы түріне балалар мүмкіндігінше көбірек келеді деп сенемін», – деді Михаил Шайдоров.

Алматыда өткен салтанатты шара барысында мәнерлеп сырғанаушыға оның бейнесі салынған кілем тарту етілді.

Мұндай қайталанбас тамаша туындының авторы – кілем бетіне салынған суреттері мен портреттері арқылы танымал болған жас қазақстандық суретші Ассоль (Әсел Сабыржанқызы) екенін айтып өткен абзал.

Қолөнер туындысын салтанатты түрде табыс еткен Ассоль бұл сыйлықтың Мишаға Италиядағы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткені үшін алғыс белгісі ретінде "халық атынан" беріліп жатқанын атап өтті.

Салтанатты кездесу соңы құттықтаулар мен суретке түсуге ұласты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шайдоровты елордада Қазақстан Президенті қабылдап, мәнерлеп сырғанаушыға мемлекеттік награда – «Барыс»орденін тапсырған болатын.