Атырауда Ұлттық спорт күніне орай 500-ге жуық спортшы алаңда бақ сынасты

Qaz365.kz редакциясы

Облысқа қарасты 7 ауданда да ұлттық спорт түрлерінен 161 бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды

Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Наурызнаманың жетінші күнінде Атырауда Ұлттық спорт күні тойланды. Аталған мерекеге орай Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Халқымыздың мәдени мұрасын жаңғыртып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды мереке Исатай-Махамбет алаңында тойланды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Тартысты додада қазақ күресі, асық ату, арқан тартыс, ләңгі тебу, қой көтеру және «Толағай алыптар» сайыстары ұйымдастырылды. Онда 500-ге жуық кәсіби және әуесқой спортшы бақ сынап, өзара шын мықтыны анықтады. Жүлдегерлерге қомақты сый-сыяпаттар дайындалған. Жалпы алаңға 3000-ға тарта тұрғын жиналып, жергілікті өнерпаздар ән шырқап, мереке көркін қыздыра түсті.

Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің дайындаған ұлттық нақыштағы бұйымдары көрмеге қойылып, келушілер назарына ұсынылды. 

Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Аманжол Сағынғалиевтің айтуынша, мұндай іс-шара жыл сайын өңірде жоғары дәрежеде өтеді. 

– Мұндай іс-шаралар арқылы біз дәстүрімізді жаңғыртып, жас ұрпаққа насихаттаймыз. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, – деді ол. 

Алаңда алты спорт түріне  жастар белсене қатысып, өздерінің ептілігі мен шеберліктерін көрсетті.

– Бүгінгі сайысқа арнайы келдім. Ұлттық спорт түрлерінің бәріне қатысып, белсенді болу жыл сайынғы мақсатым. Қолдан келгенше жеңісті қанжығама байлауға тырысамын. Өзге жастарды да белсенді атсалысуға шақырамын, – деді қатысушы Айдар Жобалов.

Сонымен қатар облысқа қарасты 7 ауданда да ұлттық спорт түрлерінен 161 бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды.