Астанада Наурыз мейрамы аясында жасанды интеллект арқылы ұлттық ойындар өтуде

Qaz365.kz редакциясы

Жасанды интеллект қолдану арқылы дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ ойыны, қошқар көтеру сынды ұлттық ойындар өтуде.

Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Астанада 21 наурыз күні таңертеңнен бастап Наурыз мейрамына арналған ауқымды мерекелік іс-шаралар басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қала тұрғындары елорданың басты алаңдарына – қалалық алаңда, «Қазақ елі» монументі маңында, «Астана Арена» стадионында, «Ататүрік» саябағында, Astana Music Hall автотұрағында және EXPO аумағында бас қосып, спорттық іс-шараларға белсенді қатысып жатыр. Олардың қатарында қазақ халқының байырғы ұлттық ойындарынан жарыстар да өтуде.

Таңғы сағат 10:00-ден бастап алаңдарға жиналған елордалық тұрғындар мен қала қонақтары түрлі спорттық іс-шараларға белсенді қатысуда.

Ұлттық спорттық шараларды көруге және қолдауға Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит арнайы келіп, жасанды интеллект мүмкіндіктерімен танысып, технология мен ұлттық ойындардың үйлесімін қала тұрғындарымен бірге тамашалады.

Мәселен, Есіл ауданындағы EXPO аумағында жасанды интеллект қолдану арқылы дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ ойыны, қошқар көтеру сынды ұлттық ойындар өтуде.

«Бүгін Наурыз мейрамын тойлауды кең көлемде бастап кеттік. Соның ішінде екі күн бойы ұлттық ойындарымыз қаланың 6 ауданында 30-ға жуық жерде өтуде. Нақтырақ айтқанда, бүгін қаламыздың 13 жерінде өтсе, ертең 12 жерде ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылады. Әсіресе қаланың шет аймақтарында да ұлттық ойындар өтуде. Баршаңызды шақырамыз, келіңіздер», – деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит.

Айта кетейік, ертең, яғни 22 наурыз күні де ұлттық ойындардан жарыстар өтеді. Қатысу тегін.