Жарыстың бірінші күнінде қоржынға бірде-бір алтын түспеді
Астанада өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатының алғашқы күнінде грек-рим күресінің балуандары жарысты бастаған. Бірақ бес салмақтың біреуінде ғана финалына шығып, оның өзінде күмісті қанағат тұттық, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Бүгін бозкілемге шыққан қазақ балуандарынан тек 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов финалға жетті. Отандасымыз жарысты ширек финалдан бастаған. Алдымен, 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2021жылғы Азия чемпионы өзбек балуаны Жалғасбай Бердімұратовтан басым түсті. Сосын жартылай финалда қырғыз Атабек Азисбековтің осал тұсын тапты. Бірақ финалда Иран балуанынан 0:8 есебімен жеңілді.
Бір кездері әлем чемпионатының финалында күрескен Демеу Жадыраевқа (77 келі) қола медаль да бұйырмады. Үшінші орын үшін бәсекеде қытайлыққа есе жіберді. Жергілікті жанкүйерлер қанша қолдау көрсеткенімен, отандасымыз сенімді ақтай алмады. Бұл салмақта қырғыз спортшысы Ақжол Махмұдов чемпион атанды. Ол осымен үшінші рет Азия чемпионы атанды.
Ал Аманғали Бекболатов (55 келі), Мұхаммедәлі Мамырбек (63 келі) үшінші орынды қанағат тұтты.
Енді алда аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов қола жүлдеге таласады.
Сөйтіп, жарыстың бірінші күнін алтынсыз аяқтап отырмыз.
Ертең грек-рим күресінен басқа салмақтағы балуандар белдеседі. Арасында Алмат Кебіспаев секілді тәжірбиелілері бар