Еркін күрестен алдымен 70 келіге дейін салмақтағы Санжар Досжанов топ жарды
Елордада өтіп жатқан күрес түрлерінен Азия чемпионатында екі бірдей қазақ балуаны жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еркін күрестен алдымен 70 келіге дейін салмақтағы Санжар Досжанов топ жарды.
Ол финалда өзбек спортшысы Зафарбек Отакхоновты сенімді ұтты.
Отандасымыз оған дейін 1/8 айналымда оңтүстік кореялық Сук Хон Паркты таза жеңген. Сосын қырғызстандық Орозобек Токтомбетов өте тартысты белдесу өтті. Қазақ балуаны бұл айқаста да үстем түсіп, жартылай финалға шықты. Осыдан кейін Санжар ирандық Мортеза Хассанәлінің осал тұсын тапты.
Былтыр Моңғолияда бұл салмақта күрескен ұлттық құрама өкілі Сырбаз Талғат қола медаль жеңіп алған.
Екінші алтын 79 келідегі Болат Сақаевқа тиесілі.
Жерлесіміз жапониялық Яджуро Ямасаки, Амир Хосейн Кавусифарнан басым түсті. Шешуші кезеңде өзбек Бекзод Абдурахмановтың жауырынын жер иіскетті.
Бұл күрестен Қазақстан құрамасының осы Азия чемпионатындағы бесінші алтыны. Осыған дейін Ибрагим Магомадов (грек-рим), Эльмира Сыздықова (әйелдер күресі), Жәмилә Бақбергенова (әйелдер күресі) топ жарды.