Азия чемпионатынан Қазақстан балуандары жеті алтынға қол жеткізді

Qaz365.kz редакциясы

Жалпыкомандалық есепте еркін күрес құрамасы бірінші орынға тұрақтады

Ашық дереккөздерден

Астанада бес күнге созылған күрес түрлерінен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Грек-рим шеберлері жалғыз алтынды қанағат тұтса, қыздарымыз екі, еркін күрестен төрт алтынға қол жеткізді, деп хабарлайды qaz365.kz.

Жарыстың соңғы екі күнінде еркін күрес балуандары бәсекені қыздырған. Еркін күрестен Азия мықтысы саналатын Иран негізінен үздіктерін әкеле қойған жоқ. Астана боз кілемінде Хасан Яздани бастаған әлем чемпиондары күреспеді.

Грек-рим балуандарымен салыстырғанда, біздің еркін күрес балуандары сенімді ақтады. Ұлттық құрама мүшелері төрт салмақта топ жарды. Тіпті, алты алтын алуға мүмкіндіктері болып еді. Бірақ Ризабек Айтмұхан (92 келі) пен Жүсіп Батырмұрзаев (125 келі) финалда қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Соған қарамастан, еркін күрес шеберлері жалпыкомандалық есепте үздік шықты. Бұрын-сонды Азия чемпионатында еркін күрес балуандары төрт алтын алып көрмеген. Екінші орында – жапон балуандары, үздік үштікті Иран қорытындылады.

Былтыр Ұланбатырдағы құрлық біріншілігінде моңғолдар алтынсыз қалған. Осы жолы Астанада бір спортшысы чемпион атанды. Атап айтқанда, моңғол спортшысы біздің Жүсіп Батырмұрзаевтан басым түсті.

Жалпы, Азия чемпионатынан Қазақстан жеті алтын жеңіп алды. Еркін күрестен 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медальға ие болдық. Жалпыкомандалық есепте еркін күрес құрамасы бірінші орынға тұрақтады. Моңғолия мен (1+1+3) мен Қырғызстанның (1+1+2) алдын орады.

Азамат Дәулетбеков (86 келі), Дархан Есенғали (74 келі), Болат Сақаев (79 келі) және Санжар Досжанов (70 келі) алтын алса, грек-римнен тек Ибрагим Магомедов (72 келі) топ жарды.

Қыздардан Эльмира Сыздықова (76 келі) мен Жәмилә Бақбергенова (72 келі) тұғырдың ең жоғары сатысына көтерілді.

Құрлықтық дода мен үшін сәтті өтті. Ақтық белдесудегі қарсыласым – ирандық балуан тәжірибелі спортшы. Бұдан бұрын талай мәрте шеберлік байқасқан едік. Жеңілістер де болды. Оны алғаш рет тізе бүктірдім. Қарсыласымның ыңғайына келетін екі-үш әдісі бар. Соған түсіп қалмауға тырыстым. Осылайша екі дүркін Азия чемпионы атануға мүмкіндік туды, – деді 86 келіде чемпион атанған Азамат Дәулетбеков.