Ташкент қаласында өтіп жатқан ерлер арасындағы бокстан әлем чемпионатында қазақ боксшысы Асланбек Шымбергенов финалға жолдама алды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
71 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов жартылай финалда үндістандық, Дев Нишантты тартысты өткен кездесуде 3:2 есебімен жеңді. Сөйтіп, финалға өткен төртінші қазақ боксшысы болды. Бұл оның спорттық карьерасындағы әлем чемпионатындағы алғашқы финал.
Бұған дейін үш қазақ боксшысы финалға шыққан. Атап айтқанда Санжар Тәшкенбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Дулат Бекбауов (67 келі).
Енді 80 келіде жұдырықтасатын Нұрбек Оралбай рингке шығады.
Әлем чемпионатының сыйақы қоры – 5,2 миллион доллар. Алтын медаль алғандар 200 мың доллар иеленсе, күміске 100 мың доллар, ал қола үшін 50 мың доллар беріледі.