Жамбыл облысындағы спорт саласындағы қырықтан астам мекеме-кәсіпорынға аудит тексерісі жүргізілген
«Тараз» футбол клубында 610 миллион теңге, «Тараз-Арена» мекемесінде 15 миллион теңге мақсатты жұмсалмаған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы облыстық мәслихаттың экономика, бюджет, салық және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында белгілі болды.
“Жамбыл облысындағы спорт саласындағы қырықтан астам мекеме-кәсіпорынға аудит тексерісі жүргізілді. Тексеру барысында 36 мекеменің жұмысы қанағаттанарлық деп танылып, 5 мекемеде қаржының жұмсалуында олқылықтар анықталды. Оның ішінде «Тараз» футбол клубында 610 миллион теңге, «Тараз-Арена» мекемесі бойынша 15 миллион теңге мақсатты жұмсалмағаны анықталды”, – дейді тексеру комиссиясының мүшесі Асылхан Шаймерденов.
Бұл мәселеге байланысты облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбаев мекеме басшыларының жауапкершілігі басқарма алқасында қаралғанын айтты.