Турнир кестесінде құрамалар соңғы орындарда тұрған еді
Шайбалы хоккейден 2023 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында Қазақстан құрамасы Словениямен кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Турнир кестесінде құрамалар соңғы орындарда тұрған еді.
Словениялық құрама алты ойыннан кейін бір де бір ұпай ала алған жоқ. Салдарынан бір тур бұрын бірінші дивизионға түсіп қалатыны белгілі болды.
Ал қазақстандық хоккейшілер биылғы әлем чемпионатында алты кездесу өткізді. Бұған дейін буллиттен Норвегия мен Словакияны 4:3 есебімен жеңді.
Ал Чехия мен Канадаға 1:5, Швейцарияға 0:5, Латвияға 0:7 есебімен жол берді.
Кездесуді словениялық хоккейшілер белсенді бастады.
Нәтижесінде 1-минутта Анже Куральт есеп ашып кетті. Оған 18-минутта қазақстандық Никита Михайлис бір голмен жауап қайырды.
Екінші кезеңнің 21-минутында Анже Куральт өз құрамасын тағы алға шығарса, 39-минутта қазақстандық Батырлан Мұратовтың голынан кейін қайтадан таразы басын теңесті.
Үшінші кезеңде словениялық Ян Дрозг 42-минутта мергендік танытты, одан кейін қазақстандық Евгений Рымарев 51, Максим Мухаметов 56-минутта екі шайба соқты.
Осылайша ел құрамасы қарсыласынан 4:3 есебімен басым түсті.
Екі құрама бұған дейін он бір мәрте кездескен. Сегіз ойында Қазақстан, үшеуінде Словения жеңіске жетті.
Қазақстандық хоккейшілер 2024 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизиондағы ойынына қатысу мүмкіндігін сақтап қалды.
Дүбірлі дода алдағы жылдың 10-26 мамыр аралығында Чехияның Прага және Острава қалаларында өтеді.