Абат Айымбетов: Жеңіс голын соғу - жалғыз менің еңбегім емес

Qaz365.kz редакциясы

Осы матчтың басты қаһарманы шабуылшы Абат Айымбетов ойыннан кейін өз пікірін білдірді

sports.kz

Қазақстан ұлттық құрамасы Euro-2024 іріктеу аясында Белфаста Солтүстік Ирландияны жеңді. Осы матчтың басты қаһарманы шабуылшы Абат Айымбетов ойыннан кейін өз пікірін білдірді, деп хабарлайды  Qaz365.kz .

«Бірінші кезекте барша жанкүйерлерді осы жеңіспен құттықтаймын. Бұл матч әрқайсымызға  жақсы эмоция сыйлады деген ойдамын. Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Соңғы минутта үш ұпай олжалап кетуге мүмкіндік туды. Құрамамыз жақсы ойнады. Жеңіс голын соғу - жалғыз менің еңбегім емес. Ұлттық құрама жейдесін киген жігіттердің барлығы бір отбасы секілді. Біз ойынның қиын болатынын алдын ала білдік. Соған қарамастан, қарсыласқа тойтарыс беріп, жеңіс жолында тер төгілді. Мұндай ойында ұпай олжалау оңай емес. Бүкіл Қазақ елін жеңіспен құттықтаймын. Маңызды үш ұпаймен елге оралу – біз үшін үлкен мәртебе», - деді Абат Айымбетов.

«Астана» клубының шабуылшысы қызыл қағазына байланысты Сан-Мариномен кездесуге қатыса алмаған. Өйткені Даниямен кездесуде жейдесін шешкен еді. Осы жолы гол соқса да, жейдесін шешпеуге уәде еткен. Сол сөзінде тұрды. Футболшы алаңға 81-минутта кіріп, арада 7 минут өткенде жеңіс голын соқты. Абат қарсыластың бірнеше қорғаушысын алдап өтті. Бұл оның ұлттық құрама сапындағы 29 ойында сегізінші голы болатын.

«Маңызды кездесуде гол салу бақыты бұйырғанына қуаныштымын. Жалпы, ойында әртүрлі гол болады. Негізінде оны әдемі гол немесе басқаша деп бөліп қарауға негіз жоқ. Сол сәтте өзім қарсыластар қақпасын дәл көздей алғанымды мақтан тұтамын. Бапкер маған ойынға қатысты жоспарын айтқан еді. Жоспарымыз жүзеге асты. Әзірге қайталау сәтін көрген жоқпын. Десе де, барлығы әдемі гол салғанымды айтып мақтап жатыр», - деді шабуылшы.