Елена Рыбакина Уимблдонның ширек финалына өте ала ма

Qaz365.kz редакциясы

Ол Беатрис Хаддад Майямен ширек финал жолдамасын сарапқа салады

ktf.kz

 Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина бүгін Уимблдонда төртінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 13-орында тұрған бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен ширек финал жолдамасын сарапқа салады, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қос спортшы үшін маңызды бәсеке Астана уақытымен сағат 18.30-да басталады.

Қазақстандық теннисшінің өзі мойындағанындай, төртінші айналымда оған өте күшті қарсылас тап болды.

Осыған дейін олар биыл Әбу-Дабиде және Штутгартта кездесіп, екеуінде де бразилиялық ойыншының асығы алшысынан түсті.

Енді соның есесін Елена Рыбакина қайтара ала ма, оны бүгінгі бәсеке көрсетеді. Оның үстіне Беатрис Хаддад Майя Уимблдонда бастапқы кездесуінде тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваны жолдан тайдырған болатын – 3:6, 6:0, 6:4.

Өткен жылы Лондонда чемпиондық тәж киген Е.Рыбакина аталмыш жарыста қатарынан он рет жеңіске жетті. Биылдың өзінде алғашқы айналымда америкалық Шелби Роджерсті (4:6, 6:1, 6:2) тізе бүктірсе, сосын франциялық Ализе Корнені ұтты – (6:2, 7:6 (7:2). Үшінші айналымда ұлыбританиялық Кэти Бултерді бет қаратпады – 6:1, 6:1.

Бүгін сондай-ақ Анна Данилина аралас жұпта франциялық Николя Маюмен бірге италиялық Андреа Вавассори – ресейлік Людмила Самсоновамен ширек финал жолдамасы үшін таласады.