Конференция лигасы: Қазақстанның екі командасы жеңіске жетіп, біреуі тең түсті

Qaz365.kz редакциясы

UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысына Қазақстанның үш командасы қатысып жатыр

Футболдан UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысына Қазақстанның үш командасы қатысып жатыр. Бүгін түнде алғашқы ойында екеуі жеңіске жетіп, біреуі тең түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шымкенттің «Ордабасы» клубы Польшаның «Легия» клубымен жолыққан. Қарсыласының атақ-даңқы алысқа кеткен. Қазірге дейін өз елінің 15 дүркін чемпионы атанып үлгерді. Бірнеше мәрте Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы топтық кезеңдерінде өнер көрсеткен.

Өз алаңында Александр Седнев шәкірттері 2:0 есебімен алда тұрған. Ойынның 13-минутында Всеволод Садовский есеп ашса, 48-минутында Мамаду Мбодж 48-минутта есепті 2:0-ге жеткізген. 
Өкінішке қарай, басымдықты ұзақ ұстай алмады. Қорғаныстағы қателікті тиімді пайдаланған қонақтар матч аяқталғанша таразы басын теңестіріп үлгерді. Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Енді бір аптадан кейін қарымта ойын Варшавада өтеді. 
«Ордабасы» (Шымкент, Қазақстан) – «Легия» (Варшава, Польша) – 2:2 
Голдар: Садовский, 13 (1:0). Мбодж, 48 (2:0). Пекгарт, 63 (2:1). Крамер, 86 (2:2). 

Ал басшылықтың қателігенен кейін Грузияға дәл матч қарсаңында жеткен «Ақтөбе» футболшылары жанкүйерлерін қуанта білді. Команда Кутаисиде жергілікті «Торпедо» клубымен жолықты.

Кездесудің 34-минутында қорғаушы Әлібек Қасым пенальтиден есеп ашқан. Ал 43-минутта Милош Раичкович екінші голды соққан.
Үзілістен кейін Анрдрей Карпович шәкірттері қарқындарын бәсеңдеткен жоқ. Алдымен Максим Самородов көзге түсті. Сосын 89-минутта алаң иелері есеп айырмасын бір допқа қысқартқан. Дегенмен, «Ақтөбе» футболшылары төртінші голды да соғуға шамалар жетті. Оның авторы Андрия Филиппович. Қорытынды есеп – 1:4.

«Торпедо» (Кутаиси, Грузия) – «Ақтөбе» (Ақтөбе, Қазақстан)  –1:4 
Голдар: Қасым, пенальтиден 34 (0:1). Раикович, 43 (0:2). Самородов, 73 (0:3).Арабидзе, 89 (1:3). Филипович,90+3 (1:4). 

Қостанайдың «Тобылы» тіпті сенсациялық нәтиже тіркеді. UEFA Конференция лигасының былтыр жартылай финалына дейін жеткен Швейцария клубын сырт алаңда 3:1 есебімен жеңіп кетті.

Негізі бірінші таймда «Базель» 1:0 есебімен алда тұрған. Бірақ үзілістен кейін бәрі өзгеріп шыға келді. 
Матчтың 54-минутында Рамазан Оразов пенальти сала алмаған болатын. Бірақ арада үш минут өткенде төреші тағы пенальти белгіледі. Бұл жолы нүктеге Серж Дебле келіп таразы басын теңестірді. Одан кейін Рамазан қатесін түзетіп, «Тобылды» алға шығарды. Матчтың нүктесін Ислам Чесноков қойды. Қорытынды есеп – 1:3.
Келесі бейсенбіде қарымта матч Қостанайда өтеді. 

«Базель» (Базель, Швейцария) – «Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) – 1:3 
Голдар: Барри, 25 (1:0). Дебле, 57-пенальтиден (1:1). Оразов, 62 (1:2). Чесноков, 71 (1:3).
Пенальти сала алмады: Оразов, 54
Алаңнан қуылды: Барри 56, Калафьори 69.