Сауал құрама капитанының шымбайына батқан сыңайлы
Футболдан Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген Финляндиядан жеңіліп қалған матчтан кейін жанкүйерлерден кешірім сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бізге ең мықты команда кездесті деп ойлаймын. Негізі тең ойын еді. Біріншіден, қазақ елінен жеңіліс үшін кешірім сұраймыз. Ары қарай анализ жасап, келесі ойынға дайындаламыз», - деді ол Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында.
«Бүгінгі құрамға байланысты өзгерістер бола ма?» деген сұраққа футболшы «ол менің компетециямда емес» деп бас бапкерге сілтеді.
Тілшіміз футболшыдан «сізді жанкүйерлер бұрыштама добын қатты көтереді, соққыны қатты жасады» деп сынап жатыр, «неліктен?» деп сұрақ қойған. Сауал құрама капитанының шымбайына батқан сыңайлы.
«Онда өздері шықсын да ойнасын, көтерсін. Бірде болады, біресе болмайды. Алланың қалауы ғой. Ертеңнен бастап анализ жасап, бәріне дайындаламыз. Бүгін қолдау тамаша болды. Жеңілсек те, жеңсек те бірге болайық деп жатыр. Иншалла, бірге болайық», - деді сөз соңында Асхат Тағыберген.
Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы бүгін Еуро-2024 аясында өз алаңында Финляндия командасын қабылдады. Тартысты ойында ұлттық құрама 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Қарсыластар тарапынан жеңіс голын 78 минутта Антман салды.