Алматы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсын мырзамен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз
Бүгінде қазақтың ұлттық спорт түрінің ішінде тоғызқұмалақ ойынына жіті көңіл бөлінуде.
Ертеректе көшпенді халқымыздың, әсіресе малшылардың математикасына айналған бұл ойын түрі терең ойлануды қажет етеді. Күні бүгінге дейін халқымызбен бірге жасасып келе жатқан зеректілер мен шапшаңдық танытатындардың ойыны жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді.
Бойында ептілік пен алғырлық қасиеті бар кез келген адам тоғызқұмалақ ойынында техникалық-тактикалық әрекеттерге баса мән беріп, отаудағы алдыңғы жүрістен бастан, тоғызқұмалақ тақтасынан көзін алмайды. Ұлттық спорттың дәл осы түріне қатысатын оқушылар саны артып жатқаны көңіл қуантады. Бұлай деуге себеп те жоқ емес.
Таяуда ғана қала әкімдігінің қолдауымен Алматыдағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы саябағында Тоғызқұмалақ күні аталып өтті. 2028 мектеп оқушылары бір мезетте тоғызқұмалақ ойынын ойнап, «Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына» енген болатын.
Ақыл-ой қабілетін дамытуға арналған қазақтың дәстүрлі ойынын Тоғызқұмалақ күні тек Қазақстан ғана емес, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Латвия, Румыния, Бангладеш, Түркия және Колумбия сынды бірнеше мемлекеттердің де қатар тойлағаны еліміз үшін – үлкен мәртебе. Себебі тоғызқұмалақ ЮНЕСКО шешімімен 2020 жылы «Адамзаттың мәдени мұрасы» тізіміне енді.
Дүниежүзілік және Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алихан Байменовтың: «Алматы қаласы – тоғызқұмалақ ұлттық ойынының ордасы», – деуі де тегін емес.
Қазақтың ұлттық дәстүрлі ойынын дәріптеп жүрген Алматы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әкім Тұрсын мырзамен Qaz365.kz тілшісі сұхбаттасты.
– Әкім мырза, сізді дәрігер маман ретінде білеміз. Білім саласында да жүрсіз. «Білген әліппе-дәптер» оқулығының идея авторысыз. Бүгінде Алматы тоғызқұмалақ федерациясының президенті деп танимыз. Жан-жақты тұлғасыз. Жалпы, өзіңізді қалай таныстырар едіңіз?
– Өте орынды сұрақ. Мен жайлы ақпарат біліп, ізденгеніңізге алғысымды білдіремін. Ең алдымен, өзімді медицина және білім саласының экспертімін деп айтар едім. Қазіргі таңда Оқу-ағарту министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі ретінде осы саладағы заңнамаларды қадағалау, қабылдау процесіне араласамын. Одан бөлек тоғызқұмалақ ойынын ұлттық құндылығымыз ретінде насихаттап жүрміз. Қоғамдық жұмыстар атқарудағы белсенділігімізге байланысты биылғы сайлауға түсіп, Алматы қаласы мәслихатының депутаты атандық. Мен де «Қазақстаныма не бере аламын?» деген сұрақпен бас қатыратын азаматтардың бірімін. Соңғы жылдары тоғызқұмалақты дәріптеп жүрген себебім – спорт пен білім саласын қатар ұштастыратын бірегей ойын. Бұл негізінен интеллектті дамытатындықтан, балаларды осыған көбірек тартуды мақсат етіп қойдық. Өзім Алматы қалалық Тоғызқұмалақ федерациясының 2020 жылдан бері президентімін. Соңғы үш ай мерзімінде республикалық Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті лауазымына тағайындалып, дәл осы ұлттық спорт түрін ауыл-аймақтарда дамыту, оқушылар арасында тоғызқұмалақ ойынына деген қызығушылығын арттыру бойынша жұмыс атқарудамын.
– Жуырда тоғызқұмалақты бір мезетте ойнаудан Қазақстанның Гиннесс кітабына еніп, рекорд жасадыңыздар. Тоғызқұмалақ күні өткен осы бір ауқымды шараның мақсаты жайында кеңірек айтып өтсеңіз.
– 9 қыркүйекте Тоғызқұмалақ ойыны күні Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен және Алматы қаласының 2028 оқушыларының қатысуымен бір уақытта ұлттық ойынымызды ойнап, рекорд жаңартып, сертификат алдық. Айта кетерлігі, дәл сол күні тек Қазақстан ғана емес, әлемнің 9 елі Тоғызқұмалақ ойыны күнін атап өтті. Еліміздің әр өңірінің мектеп оқушылары мен ұстаздары атсалысып, бұл бастамамызға үн қоса алды. 2021 жылдан бері Тоғызқұмалақ күні – «тоғызыншы айдың тоғызы күні белгіленсін» деп айтып жүргенбіз. Нәтижесінде былтыр Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы үндеуімізді жауапсыз қалдырмай, дәл осы датаны белгілеуге шешім қабылдады. Сондай-ақ осы шараны атап өту барысында аталмыш қауымдастықтың шешімімен Алматы қаласына «Тоғызқұмалақтың ордасы» деген статус берілді. Бұл атау бойынша Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов қалалық мәслихат төрағасына ұсынып, куәлік алдық. Тоғызқұмалақ ойынын әлемдік деңгейге көтеруді мақсат етіп отырмыз. Себебі өткен жылы қарашада президентіміз Қ.Тоқаев Атырау қаласында өткен халықпен кездесуінде: «Аз шығынды қажет ететін спорт түрлерін дамыту керек», – деп қадап айтты. Елбасымыз атаған ұлттық спорт түрінің ішінде тоғызқұмалаққа ерекше басымдық беру керегін атап өткен болатын. Алматымызда дәл осы ұлттық спорт түрін тойлау барысында президентіміз айтқандай, ауқымды жұмыс болғанына қарамастан, іс-шараны өткізуге айтарлықтай шығын кетпеді. Айта кетерлігі, бұл үшін бюджеттен ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Алматы қаласы бойынша тоғызқұмалақ рекордын орнатуда Мәдениет пен Жастар басқармасы, демеушілер мен еріктілер қолдап, Тоғызқұмалақ ойыны күнін аз шығынсыз-ақ кең көлемде атап өттік. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы биліктің тарапынан қолдау болатын болса, бұдан да қарқынды жұмыс істеп, қыруар іс тындырар едік деп ойлаймын.
– Интеллектті дамытатын түркітілдес халықтардың ойынына айналған тоғызқұмалақтың шахмат пен дойбыдан ерекшелігі қандай және қалай тез үйренуге болады?
– Шахмат пен дойбы – тек логика мен стратегияны ғана дамытатын болса, ал тоғызқұмалақта осы екеуінен бөлек, есеп бар. Өйткені ойыншыда да, қарсыласта да тоғыз тастан болады. Ол бір мезетте сізге қарай ойнауы мүмкін. Бір жүрістің өзін тоғыз комбинациямен жүреді. Яғни әр отаудағы тастың санына байланысты ойыншы қарсыластарының жүрістерін ойша есептеп, қадалап отыруы керек. Ойыншы асып кетсе, төрт жүрісті ғана есінде сақтай алады. Одан әрі қарай күрделі есептеулер кетеді. Ол үшін жақсы дайындық пен есепке жүйріктік қабілет қажет. Басты ерекшелігі мен ұлттық ойынның қызығы да – осыда. Соңғы уақытта тоғызқұмалақ ойынының үйірмесіне баратын оқушылар саны артты. Ол үнемі насихаттап, көпке пайдасы жайлы мол ақпарат бергеннен деп ойлаймын. Осыдан төрт ай бұрын ҚР-ның Туризм және спорт министрлігі ұлттық спорт түрлеріне рейтинг жасағанда да, бірінші орында тоғызқұмалақ тұрды. Келесі жылы «Арт спорт» жобасы аясында ойыншылар саны тіпті көбейетін болады. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш.
– Президентіміз ұлттық спорт түрлерін дамытуда тоғызқұмалақ ойынына жастарды баулу керегін айтқан еді. Тоғызқұмалақты ұлттық спорт ретінде дамытуда қаржыландыру жағы қалай?
– Президентіміз өзі қолдау білдіргеннен кейін, дәл осы ұлттық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Оған алдағы қыркүйек айының 21-24-і күндері аралығында Алматы қаласында тұңғыш рет оқушылар арасында өтетін Әлем чемпионатын мысал етуге болады. Туризм және спорт министрлігі жанынан құрылған спорт қорынан ойыншылардың келіп-кету шығындарын өтеуге қаржы бөлінді. Бұл да – үлкен қолдау. Сонымен қатар Алматы қаласы әкімдігі айтулы шараның жүлде қорын көбейтіп, концерттік бағдарламаларды ұйымдастыру, қонақтарды күтіп алу мен қаланы аралату бойынша транспортпен қамтамасыз етуде барлық шығындарды өтейтін болады. Бұл – әрине, біздің дәл осы тоғызқұмалақ ойынын дәріптеуімізге үлкен серпіліс күш берді десем, артық айтқандығым емес. Бұған дейін Азия чемпионатын өткіздік. Сондағы 5 млн жүлде қорын Туризм және спорт министрлігі спорт қоры арқылы қолдап, қаржы бөлді. Мұндай қарқынмен алда ұлттық спортты дамытуда бұдан да жоғары көрсеткіштерге жетуге барымызды саламыз. Аз шығын қажет ететіндіктен, еліміздің 20 аймағы бойынша жұмысымызды бастап кеттік. Алдағы Әлемдік чемпионатты абыроймен өткізіп алсақ, жыл басынан бері құрған жоспар кестемізге сәйкес, еліміздің барлық өңірлерін аралап, аймақтағы жергілікті атқарушы органдарымен бірге ұлттық спорттың бұдан әрі дамуына күш салатын боламыз.
– Тоғызқұмалақты ЮНЕСКО «Бүкіл адамзатқа ортақ мәдени мұра» деп таныды. Бүгінде дәл осы ұлттық спорт түрін 30-дан аса ел ойнайды. Соның ішінде Бангладеш көш бастап тұр. Өзге елдердің Қазақстанды тоғызқұмалақ арқылы тануы үшін не істеуіміз керек?
– ЮНЕСКО-ның тоғызқұмалақты «Адамзаттың мұрасы» деп мойындағаны –біз үшін үлкен мәртебе. 30-дан аса елде этноспорт федерациялары бар. Соның ішінде тоғызқұмалақ ойыны да тіркелген. Бұл ретте поляктар playok.com сайтында онлайн ойнайды. Дәл осыған анализ жасайтын болсақ, әлем бойынша 100 елдің ойнауы – көңіл қуантады. Әлем бізді тоғызқұмалақ арқылы тануы үшін онлайн платформаларымызды көбейтіп, қолданушылар санын арттыруға басымдық бергеніміз жөн. Сондай-ақ жүлде қорын көбейтер болсақ, әлемде дәл осы ұлттық спортымызға қызығатындар саны еселеп артатына күмәнім жоқ.
– Тоғызқұмалақ ойынын мектепте дене шынықтыру пәні кезінде ғана ойнатады. Онда да қыс айларында кабинеттен шыға алмайтын мүмкіндік туғанда ғана оқушыларды ойнатады. Оқушылардың деңгейі әуесқойлықтан кәсіпқойлыққа өтуі үшін үнемі дайындық керек дегендей. Осы мәселе бойынша Федерация тарапынан мектептерде қосымша сағаттар берілуі сұрала ма?
– Барлық мектепте ұстаздар әуесқойлық түрде ғана үйретеді. Ал нақты кәсіпқойлыққа бет бұру үшін Оқушылар сарайы мен спорт мектептерінде өз қызығушылықтарын әрі қарай дамыта алады. Біз өз тарапымыздан Оқу-ағарту министрлігіне тоғызқұмалақ ойынын үйретуге қатысты қосымша сағат қосу жағын айтпадық. Себебі Заңнамаға сәйкес, норматив бойынша барлығы өз орнымен жоспарланған. Яғни оны уақыт жағынан кем деп айта алмаймыз. Алайда мектеп оқушылары бос уақытында тоғызқұмалақ ойынын жете меңгергісі келсе, мектеп әкімшілігі олардың қызығушылығына қарай қосымша үйірмелер мен факультатив сабақтарын жүргізе алады. Ұлттық спортымызды дамытуда министрлік тарапынан беріліп жатқан қолдау көп. Айталық, мектептердегі пластик тоғызқұмалақ тақталарын федерация бекіткен стандартқа сәйкес, сапасы сын көтеретін әрі турнирлерде оқушылар ойын барысында шатаспасын деп қазандықтың өлшеміне дейін мән беріліп жасалған арнайы үш тақталарды ауыстыруға мүмкіндік алдық.
– Тоғызқұмалақ бойынша жақында өтетін Әлем чемпионатының ережесі жайлы айтып өтсеңіз.
– Әлем чемпионатында ойнайтын балалардың негізгі бөлігі 15 пен 17 жасқа дейінгі оқушыларды қамтиды. Ұлдар, қыздар болып, екі категорияға бөлінеді. Ойын барысында классикалық пен блиц, рапид түрі болады. Алайда классика тым ұзақ болғандықтан, рапид пен блицті ғана қалдырдық. Рапидте негізінен, іріктелген шетелдік құрама ғана қатысады және ол жабық түрде өтеді. Ал блицте іріктелген ұлттық құрама мен шетелдік қатысушылар ашық форматта ойнайтын болады. Басты айта кетерлігі, Әлем чемпионатында белгіленген жарнаны төлеу арқылы кез келген қызығушылық танытқан ойыншы қатыса алады. Қазақстанның 20 аймағының әр өңірінен елімізде бірінше рет өтетін Әлем чемпионатына қатысқысы келетіндер саны қазірдің өзінде өте көп. Бұл тоғызқұмалақ ойынының – көшпенді ата-бабаларымыздан қалған мұрасының бізге жеткізген аманатын өскелең ұрпаққа қай кезде де дәріптеу керегімізді білдіреді. Қазақстанды әлем Тоғызқұмалақ арқылы тануы үшін барымызды саламыз! Тек тынымсыз еңбек пен қарқынды жұмыстар осы ұлттық спортымызды дамытуға ғана бағытталуы керек деп ойлаймын!
– Ойлаған алдағы жоспарларыңыз оңынан болсын! Алдағы істеріңізге сәттілік тілейміз!
Жұлдыз Әбіл