Азия ойындарында Париж Олимипадасының алғашқы жолдамасы бұйырды

Qaz365.kz редакциясы

Мұнда лицензия алғашқы бес спортшыға беріледі. Потапенко бесінші орынға қол жеткізді

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында қазіргі бес сайыстан Елена Потапенко Париж Олимпиадасының жолдамасын еншіледі, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Мұнда лицензия алғашқы бес спортшыға беріледі. Потапенко бесінші орынға қол жеткізді. 
Ол шешуші жекпе-жекке дейін 8-орында болды (атпен жарысудан бірінші, семсерлесу мен жүзуден 12-ші).  

Нысана көздеу және жүгіру кезінде отандасымыз үздік алтылыққа енді. Сөйтіп, жалпы есепте бесінші орынға тұрақтады. Еленаға Париж Олимпиадасының жолдамасы бұйырды.

«Мен осыған дейін айтқанымдай, Азиадаға қатысудың бір мақсаты – Париж Олимпиадасына лицензия алу. Біздің спортшылар 8 спорт түрінен Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін күресіп жатыр. Елена Потапенконы бүгінгі нәтижемен құттықтаймын және оған Парижде сәттілік тілеймін», - деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.