Әбиба Әбужақынова: Өзіме іштей ренішім бар

Qaz365.kz редакциясы

Спортшы жеңілсе де, оның ел қоржынына салған күміс медалінің отандық спорт тарихында маңызы зор

Фото Qaz365.kz

Қытайдың Ханчжоу қаласында басталған Азия ойындарында қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова финалда әлемнің үш дүркін чемпионы, даңқты жапон балуаны Натцуми Цунодамен кездесіп, ұтылып қалды. Күміс жүлдегер финалдан кейінгі көңіл-күйімен бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

 Спортшы жеңілсе де, оның ел қоржынына салған күміс медалінің отандық спорт тарихында маңызы зор. Себебі дзюдодан күміс медаль ел қоржынына сонау 1997 жылы ғана бұйырған.
Финалда ол әлемнің үш дүркін чемпионы, даңқты жапон балуаны Натцуми Цунодамен кездесті. Есе жіберді. Былтыр Ташкентте тартылған татамиде дәл осы жапон қызынан жеңілген.
 Бүгінгі белдесуден кейін журналистер балуан қыздар «жапон қызының атақ-дәрежесінен қаймыққан жоқсыз ба?» деп сұраған. Спортшы  «жоқ» деп жауап берді.
 

«Мен бұл белдесуге дайын келдім. Себебі менде жеткілікті уақыт болды. Бүгін маған ата-анам, әпкелерім, туыстарым жанкүйеп болып отыр. Қазақстан қоржынына әрдайым медаль салуға барымды саламын», - дейді ол.


Журналистер финалдан кейінгі көңіл-күйіңіз қалай деп сұраған. Дзюдошы «өзіме ренішім бар іштей, себебі алтын медаль бізде ешкім алмаған. Алтын медальді алғым келген», - деп жауап берді.
Әбиба бұған дейін Азия чемпионатында екі рет күміс медаль алған. Тілшілердің Азия ойындарының Азия чемпионатынан қандай айырмашылығы бар екен деген сұрағына Әбиба «барлығы сол қарсыластар» деп жауап берді.
Алдағы уақытта тісқаққан жапон балуанымен отандасымыз әлі де кездесуі мүмкін. «Оның әлсіз тұсын байқадыңыз ба?» деп сұрады журналистер.

«Жұлқа тартып алатын болсам, ештеңе жасай алмайды екен. Оның әдісіне түскен жоқпын. Күншығыс елінің спортшысының әдісін білемін», - дейді Абиба.