Баласы жеңсе де, жеңілсе де, ата-ана бірінші қоңырау шалып, қолдау керек – дзюдошы Әбибаның анасы

Qaz365.kz редакциясы

Анасы жарысты теледидардан көрмейтінін, ол уақытта тек тілек тілеп отыратынын айтты

коллаж Qaz365.kz

Дзюдошы Әбиба Әбужақынованың анасы Гүлзинат Ақберова баласының жетістігіне қуанып, кейінгі жарыстарда одан да жоғары жетістіктерге жететініне сенімді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Дзюдошы Әбиба Әбужақынованың анасы Гүлзинат Ақберова 25 жыл педагог болған. Әкесі құрылысшы. Qazaqstan арнасына берген сұхбатында Әбибаның бүгінгі күміс жүлдесі үшін бапкерлерге алғысын білдірді. Бірақ анасы жарысты теледидардан көрмейтінін, ол уақытта тек тілек тілеп отыратынын айтты. 

«Бала орын алмай қалған кезде, қолдауды мықтап беру керек. Ата-ана бірінші болып жазу керек деп ойлаймын. Ұтылып қалған кезінде де. Кейінгі жарысқа күшті дайындаламыз, медальсыз қайтпайсың деп айтам, бірінші болып жұбату сөздерін айтам. Барлығымыз қуанып жатырмыз. Аман-есен еліңе орал. Ата-ана солай айту керек деп ойлаймын.
Осы спортқа барып, осындай дәрежеге жеткеніне қуанам. Бапкерлерінің еңбегі зор. Рахмет айтамыз. Алладан Қазақстан Туы көтерілсе екен деп тілеймін»
, - дейді ол.

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында дзюдо күресінен Абиба Әбужақынова бүгін күміс жүлде еншіледі. Ол 48 келіге дейін салмақтың финалында үш дүркін әлем чемпионы, жапон қызы Натцуми Цунодамен кездесіп, есе жіберді.

Спортшы жеңілсе де, оның ел қоржынына салған күміс медалінің отандық спорт тарихында маңызы зор. Себебі дзюдодан күміс медаль ел қоржынына сонау 1997 жылы ғана бұйырған. Әбибаның қоржынында Париж Олимпиадасының лицензиясы бар. Журналистер финалдан кейінгі көңіл-күйіңіз қалай деп сұраған. Дзюдошы «өзіме ренішім бар іштей, себебі алтын медаль бізде ешкім алмаған. Алтын медальді алғым келген», - деп жауап берді.