Бір облыстан осындай нәтиже көрсету - үлкен жетістік
Қален Қалиұлы Қызылорданың үш балуанын Азия ойындарына алып келді. Үшеуі де жүлдегер болды. Бір облыстан осындай нәтиже көрсету - үлкен жетістік. Qaz365.kz тілшісі оған бірер сұрақ қойып үлгерді.
«Біріншіден, алтын болмағанына іштей өкініш бар. Алдыға өзбек, тәжік, қырғыздар түсіп кетіп жатыр. Соған кішкене қынжыласың. Әрине өзі жеке шәкіртттерім үшін қуаныштымын. Жоспарда 60 келіде Мағжан алтын алады деген қатты сеніміміз болған. Бірақ енді осылай болды. Үш шәкіртіміз де қола алды. Қуанып тұрмыз, бірақ көршілес ағайындар алдыға шығып кеткеніне өкініш бар», - дейді ол.
Оның айтуынша, Мағжан Шамшадин бойынша қарсыластардың бәрін сараптап, команда зерттеп жүрген. Кәріс балуанмен 2015 жылы жастар чемпионатында Мағжан кездескен. Сол кезде ұтқан.
«Мағжан бірінші жасап отыру керек еді. Өзіне қатты сенімді болды. Басымдық жағы да Мағжанда еді. Осылай мен ұтам деген еді. Кәріс балуаны да оңай емес. Әлем рейтингінде бірінші орында тұрған балуан. Өз айласын Мағжаннан асырып кетті. Екі секунд босаңсуды пайдаланып кетті», - дейді ол.
Қален Қалиұлы Абылайхан Жұбаназар жақсы күрескенін атап өтеді.
«Тәжік балуаны қалай күресетінін біз білдік. Негізгі мақсат – тәжік балуанының сол қолын бос қалдыру керек еді. Абылайхан бір сәтте бір захватпен тұрып қалды да, тәжік балуаны сүйікті әдісін істеп кетті. Абылайхан шабуыл жасады, тәжік балуаны да оңай жігіт емес. Қарымта шабуылда, қорғануда өте сәтті жасады да, Абылайханды жақындатпады. Төрешілердің бұра тартуы деп айтуға келмейді. Басындағы бір бросок шешіп кетті. Оны Абылайхан да білетін», - дейді ол.
Нұрлыхан Шарханды бапкері кішкентай кезінен жігерлі жігіт деп атайды. Туа бітті мінезі барын айтады.
«Шарханға айтқаным – осы тесттің өтсең, үлкен олимпиада деңгейінде орын аласың дедім. Осыны өт дедім. Шархан осы емтиханнан өтті. Жапон балуаны қанша жетістікке жетсе де. Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы болған. Біздің жігіттер өсіп келе жатыр», - дейді ол.
Қален Қалиұлы үш шәкіртініің жеңісін жетістік, еңбек екенін айтады.
«Сыр елі үкілеп спортшылардың жағдайын жасап отыр. Қызылорда облысының әкімі, дзюдо федерациясының басшысы да қадағалап отыр. Бұл жеңістің артында үлкен кісілер, үлкен жұмыс тұр. Осындай ауызбіршіліктің арқасында үлкен жеңіс болды. Сыр елін жігіттер жерге қаратқан жоқ. Алда да үмітін ақтайды деп ойлаймын», - дейді бапкер.
Айта кетсек, қызылордалық үш балуан Азия ойындарынан қола медаль иеленді:
Мағжан Шамшадин (60 келі) - қола
Абылайхан Жұбаназар (81 келі)
Нұрлыхан Шархан 100 келі)