Париж Олимпиадасының лицензиясы бокста тек финалистерге беріледі
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында бокстан ерлер арасында жеті боксшының үшеуі жарысты жалғастырады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі кезде ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов (71 келі) пен Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) жартылай финалға өтті. Бүгін Ертуған Зейнуллинов моңғолиялық Баатарсух Чинзоригпен кездеседі. Жекпе-жек Астана уақытымен 19:00-де басталады. Қарсыласы бұған дейін әлем чемпионы, Өзбекстандағы қандасымыз Руслан Абдуллаевтан басым түскен.
Ал 92 келіде сынға түскен Сағындық Тоғамбай Азия ойындарының қола жүлдемен аяқтады. Ол жартылай финалда қытайлық боксшы Хан Сюэчжэньге есе жіберді. Париж Олимпиадасының лицензиясы бокста тек финалистерге беріледі.
«Қарсыласы осал емес. Жеңілгенін мойындау керек. Кішкене беріп қойдық. Сағындық қытайлық тактикасына түсіп қалды. Бүгінгі кездесуде сенімді ақтамады», - дейді бас бапкер Мырзағали Айтжанов.
Қыздардан Римма Волосенко (60 келі), Назым Қызайбай (50 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Валентина Хальзова (75 келі) жарысты ерте аяқтады.
Жартылай финалға әзірге Наталья Богданова (66 келі) өтті. Сосын бүгін Карина Ибрагимова 17:15-те моңғолиялық боксшымен кездеседі. Жеңіске жетсе, жартылай финалға жолдама алады.
Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған - «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.