Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі болды - Кеңес Рақышев

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстан бокс федерациясының президенті Асланбек Шымбергеновтің жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді

inbusiness.kz

Қазақстан бокс федерациясының президенті Асланбек Шымбергеновтің жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтың жартылай финалдық кездесуінде төрешілер әділетсіз шешім шығарды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басымырақ болды. Бірақ олар  қарсыласының қолын көтерді», – дейді Кеңес Рақышев.

Ол Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке қатысты әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті деп отыр.

«Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді. Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшыларға «қызыл кілем» төселді. ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылықтар мен шағымдарды беруге болмайды. Қазақстан - бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды», - дейді федерациясы басшысы.

Ол өз тарапынан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіретінін айтты.

«Мұндай фактілер капитанымызды сындырмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін. Тл бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан Туын биікте желбіретеді деп ойлаймын»,- деді Кеңес Рақышев.

Айта кетейік, бүгін Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында боксшы Асланбек Шымбергенов 71 келіге дейінгі салмақта  жартылай финалда әлем чемпионы, жапониялық Севон Окадзаваға төрешілердің шешімі бойынша есе жіберді.

Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.