Кешке екі боксшымыз да алтын жүлдеге таласады
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында бүгін бес қазақ спортшысы алтынға таласады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Атап айтсақ, джиу-джитсудан Қазақстан құрамасының өкілі Нұржан Батырбеков 69 келі салмақта Азия ойындарының финалына шықты
Жартылай финалда Батырбеков 2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері оңтүстіккореялық Чо Сонг Хеннен басым түсті. Оның алдында саудиялық Усама Кандил мен Тәжікстан өкілі Рамшед Абдуллоевты жеңген.
Шешуші кездесуде Нұржан Батырбеков жартылай финалда тағы бір отандасымыз Алдияр Серікті жеңген БАӘ спортшысы Мохаммед Аль-Сувайдимен кездеседі.
Алдияр Серік болса қола жүлдеге таласады.
Сондай-ақ каратэден екі финал бар. Атап айтсақ, 68 келіге дейін салмақта сынға түскен Лаура Әліқұл бірнеше қарсыласын қапы қалдырды. Ол ширек финалда 2 дүркін Азия чемпионы Вьетнам қызы Хуонг Зи Динхты 7:4 есебімен жеңді. Ал жартылай финалда тағы бір Азияны ұтқан Сейко Георгжи Зефаниядан (Индонезия) 5:1 есебімен басым түсті. Сөйтіп, финалға жолдама алды.
Енді жерлесіміз финалда қытайлық спортшымен кездеседі.
Одан бөлек, Нұрқанат Әжіқанов та Азия ойындарының финалына жолдама алды.
75 келі салмақта сынға түсіп жатқан Нұрқанат жартылай финалда малайзиялық спортшыны 4:3 есебімен жеңді.
Токио Олимпиадасының қатысушысы, әлем чемпионатынының 2 мәрте қола жүлдегері оған дейін Махаммед Шекху Аламды (Непал) 5:0 есебімен ұтса, ширек финалда қырғыз спортшысы Назым Нұрлановтан 3:1 есебімен айласын асырды.
Кешке екі боксшымыз да алтын жүлдеге таласады. Ерлерден аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев өзбек боксшысы Баходир Жалоловпен кездеседі.
Қыздардан 57 келідегі Карина Ибрагимова финалда Карина әлем чемпионатының ек дүркін чемпионы Ю Тин Лимен (Тайпей) айқасады.
Бұл ақпараттың жарық көруіне қолдау жасаған «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» КҚ.