Азия чемпионатында 2 алтын, 2 күміс пен 2 қола жүлдеге қол жеткізген
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында бүгін каратэден екі спортшымыз финалға шықты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Атап айтсақ, каратэден ұлттық құрама көшбасшысы Софья Берульцева Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының ақтық айқасына жолдама алды.
Софья жартылай финалда Филиппин спортшысы Изабель Арианна Бритодан басым түсті. Есеп: 1-0.
Берульцева оған дейін (+68 келі) алғашқы жекпе-жегінде Жуд Олдрусты (Иордания) сенімді жеңген. Есеп: 3-0. Енді оның қарсыласы Непал немесе Гонконг каратэшісі болмақ.
Софья Берульцева – Токио Олимпиадасы мен 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сонымен қатар спорттың осы түріндегі ең беделді жарыстың бірі премьер-лигада 4 рет алтыннан алқа тағып, тағы бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінген. Азияның 2 дүркін чемпионы, тағы 3 рет күміс, 1 рет қола медаль жеңіп алған.
Ерлерден де Данияр Юлдашев финалға өтті.
Кумите бағдарламасында 84 келі дейінгі салмақта бақ сынайтын татами шебері бүгін 3 жекпе-жек өткізді.
Әуелі іріктеуде Теерапаттан (Таиланд), сосын ширек финалда Тайбэй атлеті Вэй Чен Удан, жартылай финалда Иордания өкілі Мұхаммед әл-Жафариден басым түсті.
Енді ол финалда Малайзия Мұхаммад Ариф бин әл-Маликпен күш сынасады.
Айта кетейік, Данияр 2018 жылы Джакартада өткен Азиадада қола медаль жеңіп алған.
Сондай-ақ әлем чемпионатының қола, премьер-лига бәсекелерінің бірнеше дүркін жүлдегері. Азия чемпионатында 2 алтын, 2 күміс пен 2 қола жүлдеге қол жеткізген.