Спортшы финалда жапон спортшысымен кездесемін деп күткен
Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында каратэден 68 келіден жоғары салмақта топ жарған Софья Берульцева жарыстан кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бәрі жоспарға сай болды. Азия ойындарына алтын алу үшін келген едік. Сол мақсатымыз орындалды. Бұған қуаныштымын», - дейді Софья Берульцева.
Ол каратэ шеберлерінің жақсы нәтиже көрсеткенін атап өтті. Жарыстың алғашқы күні Нұрқанат Әжіқановтың алтын, Лаура Әліқұлдың күміс медаль алғаны өзге спортшыларға ерекше үміт сыйлағанын жеткізді.
Кеше Қайсар Алпысбай, Әсел Қанай шығып, жүлдегерлер қатарынан табылды. Олардың да еңбегі зор. Бүгін үшеуіміз үш түрлі медаль алып отырмыз. Мен алтын, Данияр Юлдашев күміс, Дидар Әмірәліге қола бұйырды. Екеуі жарақаттан кейін операция жасатқан. Соған қарамастан осындай нәтиже көрсетіп жатыр. Еңбектері зор. Өзім үшін ғана емес, команда мүшелері үшін де қуаныштымын. Ертең Мөлдір Жаңбырбай жүлдеге таласады. Оған да келіп, қолдау көрсетеміз, – деді ол.
Спортшы финалда жапон спортшысымен кездесемін деп күткен. Бірақ ол орта жолда жеңіліс тауып, финалда Непал атлетімен жолықты.
Қазақстан каратэден үш күнде 3 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль алып жеңіп алып, көш бастап тұр. Қазір командалық есепте бірінші орында тұр.