"Бахтиер Зайнудиновтың ізбасары": оралдық жас футболшы енді "Бешікташ" командасында ойнайды

Qaz365.kz редакциясы

Алдиярдың Түркиядағы барлық шығынын "Бешікташ" өз мойнына алады

Фото: Айбатыр Нұраш

"Ақжайық" футбол клубының жас ойыншысы Алдияр Мұқанов атақты түркиялық "Бешікташ" футбол клубында жаттығатын болады, деп хабарлайды Qaz365.kz
Бір жылдан бері "Ақжайық-2014" командасында жаттығатын Алдияр жазда Алматы қаласына барып, іріктеудің бірінші кезеңінен өткен. 

- Маусым айында Алматы қаласындағы "Бешікташ" клубының базасына барып, іріктеуден өттік. Еліміздің барлық аймағынан келген жүздеген жас ойыншының ішінен екінші кезеңге тек қана 6 ойыншы өтті, – дейді Алдиярдың анасы Баянсұлу Мұқанова. 

Қыркүйектің басында елішілік іріктеуден өткен 6 бала Стамбұл қаласына барып, тағы іріктелген. Ол кезеңнен елімізден барған алты футболшының екеуі өтті. Соның ішінде біздің Алдияр да бар. 

- Стамбұлда өткен іріктеу қиын болды. Мен 2013 командасында бір, 2014 жылы туған футболшылармен бір матч ойнадым. Бір апталық жаттығудан соң өткенімді білдім, – дейді Алдияр. 

Енді жас футболшы Стамбұл қаласына жол жүреді. Алдиярдың Түркиядағы барлық шығынын "Бешікташ" өз мойнына алады. Қазіргі таңда Алдияр түрік тілін үйреніп жүр. Футболшының бапкері Арыстан Култаев шәкіртінің түрік командасына сіңісіп кететініне сенімді. 

- Алдияр – өте пысық бала. Тез бейімделеді. Стамбұлда өткен бір апталық іріктеуде тіл білмесе де, түрік балалармен достасып кеткен. Мен Алдиярдың шет елді жатсынбайтынын білемін, – дейді бапкер Арыстан Култаев. 

Қазақстан құрамасының ойыншысы Бахтиер Зайнудиновпен командалас атанған Алдиярды "Ақжайық" ФК-ның директоры Манарбек Ержанов құттықтап, жолға шыққалы жатқан жас ойыншыға сәттілік тілеп, естелік сыйлық табыс етті. 

11 қыркүйекте Стамбұлға жол жүретін жас ойыншы сол жақта алғашқы турнирінде бақ сынайтын болады. Қазіргі таңда құжаттары реттеліп жатыр. Алдияр алғашқы уақытта Стамбұлда нағашы әжесімен бірге тұрады. 

Түгелбай Бисен