Жеңілгенді жеңілдім деп айту керек – Жәмилә Бақбергенова

Qaz365.kz редакциясы

Азия ойындарында әйелдер күресінен күміс медаль алған Жәмилә Бақбергенова елге оралды

Qaz365.kz

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX Азия ойындарында әйелдер күресінен күміс медаль алған Жәмилә Бақбергенова елге оралды. Әуежайда ол тілшілерге финалдық кездесуі туралы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Шешуші кезеңде Жәмилә қырғыз қызы Айпері Медетқызымен кездескен. Қарсыласы да әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Азия біріншілігінің жеңімпазы. Оның үстіне, отандасымыз алғаш рет жаңа салмақта күресті. Одан 10 күн Белградтағы әлем біріншілігінде 72 келіде күресіп, қола медаль алған.

«Азия ойындары мен үшін жақсы өтті.Елімізге алтын медаль сыйлаймын деп ойлағанмын. Бірақ бұйырғаны күміс болды. Бұған да шүкір айтамын. Өйткені жаңа салмақ 76 келіде күресіп тұрмын. Бұл 72 келі емес. Күш көбірек керек. Өз қиындығы бар. Финалда бапкерімнің қойған тактикасын ұстана алмадым. Ол аяққа өтпе деген. Мен шыдамай, асығыстық жасадым.

Бір рет жеңетін мүмкіндігім болған. «Туше» әдісіне түсіруге болар еді. Бірақ оны өзім пайдаланбадым.

Осы салмаққа енді үйреніп келемін. Алдағы жарыстар да бұдан да жоғары нәтиже көрсетемін деп ойлаймын», - дейді Жәмилә Бақбергенова.


Финалдағы қарсыласы Айпері Медетқызын бұрын Азия чемпионатында Жәмиләнің сыңары Мәдина Бақбергенова бір мәрте жеңгені бар. Ал Жәмилә алғаш рет кездесіп отыр.


«Бұрын екеуіміз жолыққан жоқпыз. Айпері – мықты балуан. Әлем біріншіліктерінді жүлде алып жүр. Жеңілдім, жеңілгенді мойындау керек. Енді келешекте қателікпен жұмыс істеп, есемді қайтарамын», - дейді ол.