Дәулет Тұрлыхановтың бұған дейін бір емес, екі ұлына қатысты қоғамда шу шыққан еді
Депутат әрі белгілі спортшы Дәулет Тұрлыханов КТК арнасында журналист Дина Төлепбергенге сұхбат беріп, өзінің өмірі мен қызметіне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Дәулет Тұрлыхановтың бұған дейін бір емес, екі ұлына қатысты қоғамда шу шыққан еді. Бірі ерлі-зайыпты адвокаттарды сабағаны үшін айыпталып, айыппұл төлеп құтылған. Екіншісі, бойжеткенді итеріп, ол да ел ішінде қызу талқыға түскен еді. Депутат сұхбат барысында бұл видеолардың ертеректе түсірілсе де, дәл Парламентке кіргенде салынуын «өзіне жасалған ақпараттық шабуыл» деп ойлайды екен. Айтуынша, Парламентте вейпке, құмар ойындарға қарсы заң жобалары әзірленіп жатыр. Сондай маңызды заңдарда соларға тыйым салуды депутат қолдайтынын, сол себепті ақпараттық шабуыл болуы мүмкін екенін тұспалдайды.
«Ал депутаттарды өз бизнесін қорғап жүрген лоббистер тобы деп айтады. Сіз қалай ойлайсыз?» деген сұраққа Дәулет Тұрлыханов былай дейді.
«Қоғамда көп жағымсыз жайттар айтылады. Парламент туралы да. Сынайтын адамдар барып депутаттың орнында жұмыс істеп көрсін – бір айдан қашып кетеді. Өйткені еріккендер ғана сынайды. Парламентке барып істеп көрсін. Таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін әр заңнама, әр бап үшін талқыға түсесің. Әр бап үшін өз көзөарасыңызды дәлелдейсің. Әр облыстан 10 адамды таңдап істетіп көрейікші».
Тұрлыханов Парламенттегі айлығы 700 мың теңге екенін, өз көлігіммен жүргенін айтады. Спортқа сіңірген еңбегі үшін мемлекеттен қосымша 300 мың теңге алады екен.
«Қызметтік пәтерлер бар. Бірақ мен досымның пәтерінде тұрып жатырмын. Мен қазір үш бөлмелі пәтер сатып алдым. Алайын деген әріптестерім де бар. Жағдайым жетіп тұрғандықытан, солай еттім. Жағдайы жетпейтіндер парламентте бар», - дейді ол.
Ұлдарына қатысты шу шыққанда депутат Ардақ Назаров бастаған бірнеше депутат қолдағанын атап өтеді.
«Қолдау әрқашан адамға керек. Қай жаста болмасаң да. Менің алдымда тағы ағамыз (Дайрабаев) туралы да айтылып жатыр. Айтайын дегенім, әрине ыңғайсыз. Білетіндер түсінеді, білемйтіндері балалары «бұзақы, төбелесқор» деп ойлайды. Балаларым ондай болсын деп тәрбиелеген жоқпын. Ақпараттық шабуыл болып жаты. Парламентке бармай тұрып мен туралы ешкім жазған жоқ, айтқан да жоқ. Мені қарапайым халық жақсы көреді, жақсы қолдайды», - дейді ол.
Ринат Зайытовтың «алаяқтардың 80 пайызы намаз оқитындар» туралы да Дина Төлепберген Дәулет Тұрлыхановтан сұраған.
«Корпуста бөліну жоқ. Өйткені әр депутаттың өз көзқарасы бар. Біреуі қолдап жатады, біреуі өз пікірімен келіспейді. Қолдамайды. Менің айтқан сөзімді Ринат дұрыс жеткізбеді дейді», - деп атап өтеді ол.
Әке ретінде 10 балдық жүйеде өзіңізге қанша бал бересіз деген сұраққа Дәулет Тұрлыханов «5 шығар» деп жауап берді.
«Шынымды айтсам, жылына балуан 8-9 ай дайындықта жүрдім. Кеңес заманында тәртіп болды ғой. Бір ойыннан қалып қалсаң, сені шығарып тастайды. Екіншіден, бапкер болдым. Балаларды дайындыққа апарасың. Сөйтіп жүріп өз балаларым қалай өсіп кеткенін байқамай қалдым. Мемлекеттік жұмыста, бұқаралық жұмыста жүріп, балаларымды тәрбиелеу кезінде өзімнен кемшіліктер болып қалды. Қазір жүрегіме нагрузка түсіп жатыр. Шашым да тез ағарды. Балам солай етті деп, қолды да түсіруге болмайды. Көрдіңіз бе. Сынап жатқандар көп. Бәрін қайғырып, ойлай берсең, жүйкең тез тозады», - дейді ол.
Бағдарлама соңында журналист Дәулет Тұрлыхановтан баласы Әкежан мен Ерасылға қоңырау шалып, «мен сені жақсы көрем» деп айтуды өтінеді. Депутат сол өтінішті орындап, екі ұлына да жақсы көретінін айтқан. Алайда сөзін тез аяқтап, көз жасына ерік берді.
«Жылулықты оларға шешесі береді деп ойлайсың ғой, кейде. Бірақ олай емес», - дейді Дәулет Тұрлыханов.