Тарихта тұңғыш рет қазақстандық спортшы каратэден әлем чемпионы атанды

Qaz365.kz редакциясы

Мөлдір Жаңбырбай әлем чемпионы атанды

Фото: Olympic.kz

Қазақстандық каратэ шебері Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) Мажарстан астанасы Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қазақстан каратэшілері тарихта алғаш рет ел қоржынына алтын медаль салды. Оны 50 келіге дейін салмақта Мөлдір Жаңбырбай иеленді. Бұған дейін ересектер арасында бізден WKF каратэден әлем чемпионы шықпаған. Жастар, жасөспірімдер санатында жеңімпаздар бар.

Мөлдір финалда Италия спортшысын жеңді. Оған дейін жартылай финалда әлем рейтингінің көшбасшысы Венесуэла каратэшісін айқын басымдықпен тізе бүктіріп (11-3), сенсация жасаған еді.

Сондай-ақ 60 келіге дейінгі салмақта Қайсар Алпысбай екінші болса, Дидар Әмірәлі (67 кг дейін) әлем чемпионатының қола жүлдесін еншіледі.

Айта кетейік, Мөлдір Жаңбырбай жуырда ғана Азия ойындарында күміс жүлде иеленген еді.