Бүгін Еуро-2024 іріктеу аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Сан-Мариноны қабылдайды
Бүгін Еуро-2024 іріктеу аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында Сан-Мариноны қабылдайды. Бұл ойынға капитан Асхат Тағыберген, команда көшбасшысы Бактиер Зайнутдинов жарақаттарына байланысты қатыса алмайды. Максим Самородов та сары қағаздарының саны бойынша тыс қалып отыр. Енді бірінші кезекте бас бапкер шабуылшы Абат Айымбетовке зор сенім артып отыр. «Ана тілі» газеті футболшымен ойын алдында сұхбат алған екен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Сан-Мариноға қарсы кездесуде барымызды саламыз. Өткен ойында басым түскенімізді бір сәт ұмыта тұрамыз. Босаңсуға, қарсыласты бағаламауға рұқсат жоқ. Қарсыласты бағаламау жарға жығады. Бапкеріміз әр футболшыға қарап, нұсқап айтатын сөздері әркез жадымызда. Бізді қамшылағаны жігерлендіреді. Алдағы ойынға да тас-түйін дайынбыз. Асхат Тағыберген, белді ойыншымыз Бақтиер Зайнутдинов жарақат алды, ойынға қатыспайды. Алайда капитанымыз жаттығу жиынына келіп, қасымызда жүр. Барынша мотивация береді. Міне, бір команда ретінде бірігу, біте қайнасу деген осы болса керек-ті. Жанкүйерлерді ұлттық құрамаға барынша қолдау білдіруге шақырамын», – дейді Абат Айымбетов.
Енді футболшының өзіне тоқталып өтсек. Абатты ала допқа әкелген әкесі екен.
«Жеті жасымда қолымнан жетектеп Ақтөбе қаласындағы спорт мектебіне ертіп апарды. Бұл футболдан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві спорт мектебі еді. Жалпы әкем әуесқой футболшы болған. Өзі үлкен жетістікке жете алмағаннан соң, менің үздік ойыншы атанғанымды қалады. Оның үстіне отбасымызда жалғыз ұл болған соң, білгенін үйретіп, футболдың қыр-сырына қанықтырды. Ал алғашқы бапкерім – Ракиль Ниязғалиұлы. Сол кісіден тәлім алдым. Бапкер ниетімнің жоғары екенін байқаса керек, менен үміт күтетінін, жақсы ойыншы атануға мүмкіндік барын айтты», – дейді футболшы.
Абаттың бағын ашқан – «Ақтөбе» футбол клубы. Бұл команда соңғы рет 2013 жылы ел чемпионы атанған. Сол жолғы кубокқа Айымбетовтің қосқан үлесі зор. Ол «Ордабасымен» матчта шешуші голды соқты.
«Сол шақта әлі де жас баламын, жасым 18-де. Жауапты ойын алдында отбасыммен бірге дастарқан басында жиналып, талқылап отырдық. Сонда ағам «матчта гол салатын болсаң, көлік сыйлаймын» деп айтты. Өзі футболдың шынайы жанкүйері. Ағамның айтқаны есімде қалыпты. Себебі аталған жылдары көлігім жоқ, автобуспен қатынап жүргенмін. Бірақ «алтын» гол соғамын деп ойлаған жоқпын. Ойынның соңғы минутында гол соғып, «Ақтөбенің» чемпион атануына үлес қостым. Тарихқа жазылатын ойында көзге түсіп, қарсылас қақпасын тулатқаныма сенбедім. Матчтан соң үш күн ұйықтамадым. Бойымды билеген эмоцияны басқара алмай, көкте ұшып жүргендей күй кештім. Қызығы, 2013 жылы чемпиондықты да, көлікті де алдым. Ағам сөзінде тұрып, «Toyota camry 40» маркалы көлігін сыйлады», – дейді ол.
Биыл футболшының «Астана» клубымен келісімшарты аяқталды. Әзірге еліміздегі футбол клубтарынан қандай да бір ресми ұсыныс түскен жоқ екен.
«Нақты шешім қабылдағанда өздеріңізге хабарлаймын. Жалпы өзімді шетелдік аренада сынап көргім келеді. Кейін артыма қарайлағанда «Абат, өкінбейтіндей мансабың бар, футбол саған, сен оған ризасың» дегім келеді. Сондықтан барынша байыппен шешім шығарамын», – дейді Абат Айымбетов.
Қазақстан құрамасының іріктеу кезеңіндегі әр жеңісі – сенсация. Данияны өз алаңымызда жеңгенде футбол әлемі дүр сілкінді. Осы жеңістің бір бөлігіне айналғаным үшін қуаныштымын. Жалпы ұлттық құрамаға жиі қуаныш сыйлағым келеді. Сол үшін барымды саламын. Кейінірек жанкүйерлер «ұлттық құрамада Абат Айымбетов доп тепкен. Оның тұсында біз мынадай жетістікке жеткенбіз» деп айтып отырса деймін деп айтты.