Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай арасындағы мықты анықталды

Qaz365.kz редакциясы

Төрт боксшы екінші рет жазғы спартакиада чемпионы атанды

Коллаж Qaz365.kz

Бокстан Қазақстан спартакиадасы өз мәресіне жетті. Әу баста Семейде болады деген жарыс күні жақындағанда Астанаға ауыстырылды. Төрт жылда бір ұйымдастырылатын айтулы бәсекеде 13 салмақта 176 спортшы жүлдеге таласты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кейбір салмақта төрешілердің шешімі күмән тудырды. Мысалы, жартылай финалда 60 келіде жұдырықтасқан Бейбарыс Жексен мен Талғат Сырымбетов жекпе-жегінде шешім екі рет өзгерді. Жанкүйерлер де, боксшылардың жақтастары да наразылықтарын білдіріп жатты.

Төрт боксшы екінші рет жазғы спартакиада чемпионы атанды. Атап айтсақ, Сәкен Бибосынов (51 келі), Талғат Шайкен (Ақмола облысы), Нұрбек Оралбай (80 келі), Айбек Оралбай (92 келі).

Көпшілік күткен олимпиадалық салмақтарға тоқталсақ, 51 келіде Сәкен Бибосыновтың бағы жанды. Жартылай финалда Данил Сәбиттен, финалда Санжар Тәшкенбайдан басым түсті.

«Маған сын айтатындар көп. Дегенмен, осы салмақта Қазақстанда үздік екенімді тағы бір мәрте дәлелдедім. Біраз мәселеге нүкте қойып, жеңіске жеттім. Санжар – өзіміздің ініміз, рингте қарсыласым. Оған алдағы жекпе-жектеріне сәттілік тілеймін. Екеуіміздің де мақсатымыз – еліміздің атын шығарып, көк туымызды желбірету. Сол жолда аянбай еңбек етеміз. Азиадада бағымыз жанбады. Енді Италия мен Тайландта олимпиадалық іріктеу турнирі бар. Сол жарыстарға қатысып, жолдама еншілеу керек. Одан кейін Парижде топ жаруды мақсат етемін», – дейді Сәкен Бибосынов.

Ал 57 келіде Махмұд Сабырхан жеңіске жетті. Бірақ финалдағы қарсыласы Оразбек Асылқұлов нәтижемен келіспеді. Кезінде осы салмақта әлем біріншілігінің күміс жүлдегері болған Серік Теміржанов 63,5 келіде күміс жүлдені қанағат тұтты. Ол финалда Мұхамедсабыр Базарбайұлына есе жіберді. Құрама капитаны Асланбек Шымбергенов жарыстан босатылған. Сондықтан 71 келіде Ақмола облысының боксшысы Талғат Шайкен үздік шықты. Финалда БҚО атынан келген Сабыржан Аққалықтың осал тұсын тапты.

Екі бірдей әлем чемпионы Нұрбек Оралбай мен Бекзат Нұрдәулетовтің де кездесуі тартысты өтті. 80 келіде жекпе-жекте төрешілер Нұрбектің үздік шыққанын растады. Бұған маңғыстаулықтар келіспейді.

92 келіде Айбек Оралбай өзінің басты бәсекелесі Сағындық Тоғамбайды жеңді. Ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев қатыспады. Алтын Дамир Тойбайға бұйырды.

Боксшыларды марапаттау рәсіміне Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен Туризм және спорт министрі Ермек Мажағұлов қатысты.

VI жазғы Спартакиаданың жүлдегерлері:

48 келі

1.Теміртас Жүсіпов (Ақмола облысы)

2.Асхат Жүсіпов (Астана қаласы)

3.Ернар Қарап (Абай облысы)

3.Ернұр Қайрат (Шымкент қ.)

51 келі

1.Сәкен Бибосынов (Түркістан облысы)

2.Санжар Тәшкенбай (Астана қаласы)

3.Даниал Сәбит (БҚО)

3.Дамир Әбдіқадыр (Алматы облысы)

54 келі

1.Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда облысы)

2.Кенже Мұратұлы (Алматы облысы)

3.Тимур Қабдешов (Ақмола облысы)

3.Дәулет Молдашев (ШҚО)

57 келі

1.Махмұд Сабырхан (Шымкент қ.)

2.Оразбек Асылқұлов (Ақмола облысы)

3.Ерболат Сабыр (Павлодар облысы)

3. Асылжан Серікбай (Ұлытау облысы)

60 келі

1.Бейбарыс Жексен (Жамбыл облысы)

2.Руслан Күзеубаев (Абай облысы)

3.Талғат Сырымбетов (Қарағанды облысы)

3.Алмат Абдуали (Жетісу облысы)

63 келі

1.Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (Түркістан облысы)

2.Серік Теміржанов (Павлодар облысы)

3.Жандос Қыдыралиев (Алматы қ.)

3.Ерасыл Таңқай (Алматы облысы)

67 келі

1.Дулат Бекбауов (Жамбыл облысы)

2.Бахтияр Смағұлов (Павлодар облысы)

3.Елнұр Сүйінбай (Қостанай облысы)

3.Рахат Сейтжан (Маңғыстау облысы)

71 келі

1.Талғат Шайкен (Ақмола облысы)

2.Сабыржан Аққалықов (БҚО)

3.Фарух Тоқтасынов (Алматы қ.)

3.Дархан Дүйсебай (Алматы облысы)

75 келі

1. Диас Молжігітов (Жамбыл облысы)

2.Нұрқанат Райыс (Атырау облысы)

3.Тимур Нұрсейітов (Ұлытау облысы)

3.Азамат Бектас (Қызылорда облысы)

80 келі

1.Нұрбек Оралбай (Астана қ.)

2.Бекзад Нұрдаулетов (Маңғыстау облысы)

3.Ерасыл Жақпеков (Абай облысы)

3.Тұрсынбай Құлахмет (Қызылорда облысы)

86 келі

1.Темірлан Мұқатаев (Астана қ.)

2.Абзал Құттыбеков (Түркістан облысы)

3.Шаймұрат Құсайынов (Павлодар облысы)

3.Бекзат Таңатар (Шымкент қ.)

92 келі

1.Айбек Оралбай (Астана қ.)

2.Сағындық Тоғамбай (Түркістан облысы)

3.Данияр Рахымбердинов (Алматы қ.)

3.Ерхат Бекзат (Абай облысы)

+92 келі

1.Дамир Тойбай (Алматы қ.)

2.Аманат Сабырғали (Атырау облысы)

3.Олжас Букаев (Павлодар облысы)

3.Нұрлан Сапарбай (Түркістан облысы)

Енді келесі жазғы Спартакиада 2027 жылы өтеді.