Бірінші таймда Ян Вороговский өз айып алаңында қарсыластың ойыншысының аяғын басып қалды
Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңінің топтағы соңғы ойынын Словениямен өткізді. Өкінішке қарай, ұлттық құрама 1:2 есебімен қарсыласқа есе жіберді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бірінші таймда Ян Вороговский өз айып алаңында қарсыластың ойыншысының аяғын басып қалды. Төреші пенальти белгіледі. Оны «Лейпциг» шабуылшысы Беньямин Шешко сауатты орындады. Үзіліске дейін осы есеп сақталып қалды.
Ал кезеңге кіре салысымен Қазақстан футболшылары бірден допқа иелік етіп, таразы басын теңестіруге ұмтылды. Бұл жоспарлары тез жүзеге асты. Оң қапталдан ұйымдастырған шабуылды Самородов өрбітіп, Оразов сәтті нүктесін қоя білді. Есеп – 1:1.
Осыдан кейін Қазақстан жанкүйерлерінің үміті оянған. Тіпті, 1-2 гол соғуға мүмкіндігіміз болған еді. Бірақ пайдалана алмадық. Сосын 86-минутта ойынға екінші таймда қосылған Вербич шірене тартып, Словенияны екінші рет алға шығарды.
Сөйтіп, тұтанған үміт соңғы минутта өшті... Дегенмен, Қазақстанның Еуро-2024 чемпионатына шығатын тағы бір мүмкіндігі бар. Ол үшін келесі көктемде Ұлттар лигасында екі ойынды ұту керек.
Словения – Қазақстан – 2:1
Голдар: Шешко. 41-пенальтиден (1:0). Оразов, 48 (1:1). Вербич, 86 (2:1).
Словения: Ян Облак (Қ), Жан Карничник, Миха Блажич, Яка Бийол, Эрик Янжа (Ваня Дркушич, 87), Петар Стоянович (Йон Станкович, 92), Адам Черин, Тими Элшник, Ян Млакар (Беньямин Вербич, 72), Беньямин Шешко, Андраж Шпорар (Ясмин Куртич, 87);
Қазақстан: Игорь Шацкий (Қ), Ян Вороговский, Нұралы Әліп, Сергей Малый, Александр Марочкин, Марат Быстров, Абзал Бейсебеков (К) (Еркін Тапалов, 81), Исламбек Қуат (Арман Кеңесов, 64), Ислам Чесноков (Иван Свиридов, 81), Рамазан Оразов, Максим Самородов (Абат Айымбетов, 92);
Қазақстан Еуро-2024 іріктеу кезеңінің H тобында 6 матчты жеңіп, 18 ұпай жинады. Біздің топтан Дания мен Словения тікелей жолдама алды.