Адиев тілшілердің сұрағына жауап берді
Еуро-2024 аясында сырт алаңда Словениямен ойын өткізген Қазақстан құрамасы елге оралды. Бас бапкер Магомед Адиев тілшілердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
– Тактикалық нюанстар болды. Біз қаптал арқылы ойнағымыз келді. Қарсыластың қорғанысын бұзып-жару бірінші таймда қиынға соқты. Көбінесе, орталық қорғаушыларына қысым көрсеттік. Бізде әлі 45 минут бар еді. Бірінші таймда ойлағанымыз жүзеге аспады.
– Айымбетовті ертерек шығаруға болмас па еді?
– Соңғы сәтке дейін Оразов пен Самородовты ойнаттым. Олардың динамикасы жақсы. Сосын Свиридов пен Айымбетовтің қайсысын шығарам деп ойландым. Иванның жылдамдығы тәуір және ашыла біледі. Қарсылас сол кезде прессинг жасайды. Ол Абатқа қарағанда бұл жағынан пайдасы мол. Кейіннен алаңға шығып, қолынан келгенін істеуге тырысты. Допқа таласа білді. Жалпы, жігіттердің бәрі жүрекпен ойнады.
– Екінші тайм туралы айтсақ...
– Екінші кезеңді жақсы өткіздік. Қарсыластың қорғанысын бұзу қолымыздан келді. Сосын соңында тәуекел етуден басқа амал қалмады. Өйткені тең нәтиже жеткіліксіз еді. Словениямен салыстырғанда антропометрия жағынан қалыс қалып тұрмыз. Бізде бұл жағынан профильдік ойыншы жоқ. Ойыншыларды да беталды ауыстыра алмайсың. Матчты өзгертетіндей адамды шығару қажет.
– Сергей Малый қорғаныста көбіне үлгермей жатты. Бұған келісесіз бе?
– Оны ауыстырамыз деп ойлағанбыз. Марат Быстровты орталық қорғанысқа қойып, оң қапталға Скворцов немесе Тапалов шығар деп топшылағанбыз. Дегенмен Сергей өрескел қателік жіберген жоқ. Сондықтан тиіспедік.
– Команда бұл ойынды финал ретінде қабылдағаны сөзсіз. Киім ауыстыратын бөлмедегі атмосфера қандай?
– Қазір команда мүшелерінің бәрінде өкініш бар. Нүктесін қойғымыз келген. Жеңіліс Қазақстан азаматтарының қай-қайсына болмасын ауыр соғатыны сөзсіз. Жігіт адам жеңіс пен жеңілісті қатар қабылдай білуі тиіс. Басқаша болмайды. Бұл футболдың бір бөлігі. Енді болашақты ойлаған дұрыс. Алдағы күндері эмоция кетіп, қалыпқа келеді.
– Сіздің келісімшарт осы іріктеу кезеңі аяқталғанша жасалған. Жалғастыруыңыз мүмкін бе?
– Әзірге ондай әңгіме болған жоқ. Мен өзімді жақсы білемін. Жеңілістен себепті өзімнен іздеймін. Біреу құттықтайды, біреу ұрысады. Келісімшартты ұзартуға келсек, бұл біздің кәсіптің бір бөлігі. Егер федерация басшысы менен де жақсы маман тауып, жоғары нәтижеге жететін болса, рақметімді айтамын. Егер жалғастыруым қажет десе, соңына дейін барамын. Нүктені өзім қойып, мүмкіндікті пайдалануға тырысамын.