Qaz365.kz командасы Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнирде топ жарды

Qaz365.kz редакциясы

Республикалық деңгейдегі жарыс осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылды

Фото: Жеңіс Ысқақбай

Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында БАҚ өкілдері арасында футзалдан белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейсен Құранбекті еске алуға арналған турнир өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Республикалық деңгейдегі жарыс осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Еліміздің бірнеше аймағынан келген командалар екі күн бойы сынға түсті.

Жарыс қорытындысы бойынша Qaz365.kz командасы жеңіске жетті. Көк жейде киген жігіттер жартылай финалда «Жетісу» командасынан 5:2, ал финалда «Қарекеттен» 5:2 есебімен басым түсті.

Екінші орын жергілікті «Қарекетке» бұйырды. Үшінші орынды Алматы журналистері қанжығалады.

Турнирде төрт орынға жүлде берілді. Сонымен қатар Бейсен Құранбекке өмірде аға болған, ұстаздық қылған белгілі спорт журналисі Сайын Тұрсынов пен телевизия ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы арнайы сыйлық берілді.

Жарысқа Жетісу облысының әкімдігі, “Жетісу” телеарнасы, “Жетісу” газеті, Respublica партиясы, Janr әдеби клубы қолдау көрсетті.

«Тірі болғанда 52 жасқа толатын еді. Ол кісі дүние салғаннан кейін біз еске алу мақсатында осындай іс-шараны бастаған болатынбыз. Жыл сайын турнирлердің деңгейі де өсіп келе жатыр. Ойыншылардың да деңгейі негізі өсіп келе жатыр. Кәдімгідей осы футзалға қазақ журналистері төселіп қалды деп айтсақ болады», – деді турнирді ұйымдастырушы Есболат Айдабосын.