Қазақстан дзюдо федерациясы 2023 жылғы спорт маусымын қорытындылады

Qaz365.kz редакциясы

Жоғарғы нәтиже көрсеткен спортшылар мен бапкерлер марапатталды

Фото: Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі

22 желтоқсанда Қазақстан дзюдо федерациясы 2023 жылғы спорт маусымын қорытындылап, үздік нәтиже көрсеткен спортшылар мен бапкерлерді, федерация мамандарын марапаттады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Федерация президенті Қуанышбек Бахытбекұлы Есекеевтің жетекшілігімен өткен шараға ұйымның вице-президенттері, ұлттық құрама жаттықтырушылары мен спортшылары, Қазақстан жастар және жасөспірімдер құрама командаларының бапкерлер құрамы мен спортшылар, ғылыми-кешенді топ өкілдері қатысты.

“Биыл дзюдо спортынан үздік нәтиже көрсеткен спортшылар қатарынан жазғы Азия ойындарының жүлдегерлері Абиба Абужақынова – 5000$, Мағжан Шамшадин  – 3000$, Эсмигүл Куюлова – 3000$, Абылайхан Жұбаназар – 3000$, Нұрлыхан Шархан 3000$ сыйақымен марапатталып, Жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлері Жанарыс Рахметқалиға 1500$, Талғат Орынбасарға 1500$, Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегерлері Нұрлан Исатаевқа 1 000 000 тг, Балғабай Досболға 400 000 тг, Сабина Юлдашбековаға 500 000 тг, Оралбек Байзаққа  400 000 тг, Берікбол Жұманбековке 400 000 тг мөлшеріндегі сертификат тапсырылды”, – деп хабарлады Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі.

2023 жылғы спорт маусымында жоғарғы нәтиже көрсеткені үшін Камила Берліқаш пен Ғалия Тынбаева, сондай-ақ бапкерлер құрамы, Нұрбол Сүлейменов пен Ерлан Алпысбаев бастаған Қазақстан ұлттық құрама командаларының бапкерлер қосыны,  Қазақстан жастар мен жасөспірімдер құрама командаларының аға жаттықтырушылары, ұлттық құраманың массажист, дәрігерлері, федерация қызметкерлері марапатталды.

Іс-шара соңында Федерация президенті спортшылар мен бапкерлерге, ұжымға алғыс білдіріп, келер Олимпиадалық маусымға сәттілік тіледі.