«Әрбір қарсыластың кілтін таба аламын». Данияр Елеусінов Олимпиадаға баруға дайын екенін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Қазақтан әлі күнге екі дүркін Олимпиада чемпионы шықпаған

Данияр Елеусинов. Фото: News Group Newspapers Ltd

Бокстан Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов нақты ұсыныс болса, әуесқой боксқа оралып, Олимпиадаға қатысуды ойластырып көретінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мен дайын өнім екенімді барлықтарыңыз білесіздер. Жөні түзу промоутерлік компания мен жақсы команда болатын болса, талай асуларды алуға болады… Қазақтың соңғы олимпиада чемпионы бола тұра маған көбісі сенбейді. Сынайды. Мүмкін өзімнен де бар шығар. Бірақ қателеспейтін пенде болмайды. Менің проблемамды Ресейдің адамдары жауып тастауға дайын еді. Белгілі бір мөлшерде төлегісі келген. Алайда бұрынғы командамның сұранысы одан жоғарырақ болды. Енді оған қарамай рингке оралудың амалын іздеп, барлық жағын қарастырып жүрмін», – дейді Данияр Елеусінов.


Ол жанкүйерлер тарапынан «Олимпиадаға барып, жаңа тарихты жазбайсың ба?» деп айтатын пікірлердің көп екенін айтып қалды. Өйткені қазақтан әлі күнге екі дүркін Олимпиада чемпионы шықпаған. 

«Менің жауабым: Маған жағдай істеп, ресми шақырып жатырсыз ба? Әлде жай сөз бе?! Нақты іс жоқ. Сондықтан мен өз ісімнің маманымын. Флойд Мейвезер сияқты әрбір қарсыластың кілтін таба аламын. Мықты болсын, дрова болсын, ыңғайсыз әрқайсысы өзінің мықтылығын көрсеткісі келеді. Сондықтан пікірлеріңізді жаза отырыңыз. Мені қай жақта көргілеріңіз келеді? Қазақстан тарихында екі дүркін Олимпиада чемпионы ретінде?! Әлде GGG сияқты әлемдік брендке айналған спортшы ретінде? Әрбір пікірді тыңдап, талдап шығамын», – дейді боксшы. 

Айта кетейік, Данияр Елеусінов жақында Астанада өткен IBА Сhampions Night бокс кешінде оңтүстік африкалық Джабулани Макхенсиді жеңген болатын. Ұлттық құрамада оның салмағында қазір Асланбек Шымбергенов өнер көрсетеді.