Әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанға Астанадан пәтер және «Дарын» сыйлығы берілді

Qaz365.kz редакциясы

Басқа спортшылар да пәтер мен темір тұлпарларға ие болды

Ашық дереккөздерден

Астанада грек-рим, әйелдер және еркін күрес федерациясының жылдық есеп беру жиыны өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ресми бөлім аяқталған соң, кешке дастарқан басында 2023 жылы үздік нәтиже көрсеткен балуандар марапатталды. Мысалы, белгілі кәсіпкер, меценат Дулат Тастекеев еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Париж Олимпиадасына жолдама алған Азамат Дәулетбековке Hundai Elantra көлігін сыйға тартты. Сол секілді тағы бір кәсіпкер Талғат Сақан да қарап қалмады. Ол әйелдер күресінен ел намысын абыроймен қорғап жүрген Жәмилә Бақбергеноваға да темір тұлпардың кілтін табыс етті.

Жәмилә биыл Азия чемпионы атанды. Әлем чемпионатында қола медаль, Азия ойындарында күміс жүлдеге ие болды.

Ал осы жылдың басты жаңалығы, еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанға Астана қаласынан пәтер кілті табыс етілді.

Айтпақшы, Мәдениет және ақпарат министрлігі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Спорт» номинациясында Ризабекті жеңімпаз деп таныды.

Сонымен қатар грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионы атанған Исхар Құрбаев (55 келі) пен Сұлтан Әсетұлына да (67 келі) елордадан пәтер кілті табысталды.