Боксшы пәтерді өз меншігіне жаза ала ма?
Кешеден бері боксшы Сәкен Бибосыновтың пәтерінің айналасында дау көбейіп жатыр. Заңда пәтер өз атына түсуі үшін 10 жыл керектігі жазылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Дене шынықтыру және спорт туралы» Қазақстан Республикасы заңының 7-бабы 65-5) тармақшасына сәйкес, шарт жасасқан күннен бастап 10 жыл өткен соң, көрсетілетін қызметті алушылар коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген, өздері тұрып жатқан тұрғынжайды өтеусіз негізде меншікке алатыны жазылған.
«Тұрғынжай берілген көрсетілетін қызметті алушылар қайтыс болған (қаза болған) жағдайда, тұрғынжайды меншікке өтеусіз алу құқығы осы қағидалардың 19-тармағында көрсетілген допинг сынамасының нәтижесіне және мерзіміне қарамастан, қайтыс болған (қаза болған) адамның мұрагерлеріне өтеді», – делінген заң мәтінінде.
Яғни спортшы пәтерді өз атына түсіруі үшін допинг сынамасының нәтижесін күтуі тиіс. Өйткені Халықаралық Олимпиада комитеті 8 жылға дейін сынамаларды тексере алады. Илья Ильин бастаған ауыр атлеттер осыған байланысты Олимпиада медальдерінен айырылған еді. Егер допингпен ұсталып жатса, пәтер берілмейді. Оған жалдамалы негізде тұра береді.
«Допингті қолданған немесе пайдалануға әрекет жасаған жағдайда спорттық нәтиже жойылғанда, көрсетілетін қызметті алушымен осы қағидалардың 19-тармағына сәйкес 10 жылға жасалған шарт бұзылады», – делінген заң мәтінінде.
Еске салайық, жуырда пәтер боксшының атынан рәсімделмегені хабарланған болатын.