Асланбек Шымбергенов үйде қалып, орнына Данияр Елеусінов Олимпиадаға бара ма?

Qaz365.kz редакциясы

Ұсыныс бар

Фото: ашық дереккөзден

Спорт әлеміндегі интригалардың бірі – бокстан Париж Олимпиадасына 71 келіде кім барады деген сұрақ. Оған Данияр Елеусіновтің әлеуметтік желідегі посты себеп болған еді. Бірақ боксшы әу бастағы қарқынын бәсеңдеткен. Ол  Асланбек Шымбергеновтың жолын кеспейтінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Мен өзі екі Олимпиадаға қатысқан адаммын. Лондонда ширек финалға дейін жеттім. Риода топ жардым. Одан кейін Токио Олимпиадасы өтіп кетті. Бұл халықтың назарын аудару мақсатым болатын. Жанкүйерлердің тамырын басу еді», – дейді боксшы «1001 түн» бағдарламасында.

Ол желтоқсан айында Оңтүстік Африкадан келген Джабулани Макенсаны жеңген соң, Олимпиадаға қатысып көрмейсің бе деген ұсыныстардың болғанын айтып отыр. 

«Италиядағы лицензиялық турнирден бірден бас тарттым. Өйткені ондай мақсат болған жоқ. Уақыт тым тығыз және бұл жарысқа жылдар бойы дайындалған жігіттер бар. Оларға психологиялық тұрғыдан қысым көрсетіп, қарсылас болуды қаламаймын», – дейді Данияр Елеусінов.
Айта кетейік, 15 желтоқсанда Астанада өткен жартылай кәсіпқой бокс кешінде Асланбек Шымбергенов мексикалық Хосе Мигель Боррегомен (20-4, КО 17) жұдырық түйістіріп, нокаутқа түсіп қалған. Осыдан кейін жанкүйерлердің арасында екі түрлі пікір қалыптасты. Кейбірі Даниярдың барғаны дұрыс дейді. Енді бірі Асланбектің бағын байламаған дұрыс деп санайды.