Азамат Дәулетбеков күміс медальға ие болды
Күрес түрлерінен Хорватия астанасы Загреб қаласында рейтингтік Zagreb Open турнирі өтіп жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстаннан барған спортшылардан Азамат Дәулетбековтен басқасы қуантпады, деп хабарлайды Qaz365.kz
Еркін күрестен 86 келіде ел намысын қорғаған Азамат Дәулетбеков финалға дейін жетіп, күміс медальға ие болды. Ол шешуші кезеңде болгариялық Магомед Рамазановпен кездесіп, қарсыласына жол берді. Магомед – тәжірибелі балуан. Ол Ресей сапында 2019 жылы әлем кубогында топ жарған, 2024 жылдан бастап Болгарияның намысын қорғайды.
Ал қыздардан Ирина Казюлина (65 келі), Елена Шалыгина (68 келі) және Эльмира Сыздықова (76 келі) – үшеуі де сенімді ақтаған жоқ.
Мысалы, Казюлина соңғы орын алды. Алдымен, неміс қызы Энн Нёрнбергерге есе жіберді (3:5). Одан кейін украиналық Алла Белинскаяға да шамасы жетпеді (7:11). Сосын үшінші белдесуде түрік қызы Кадрие Ақсудан ұтылды (0:4).
2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қола медаль алған тәжірибелі балуан Эльмира Сыздықова алғашқы белдесуінде америкалық Кеннеди Алексис Блэйдтен 0:10 есебімен жеңілді.
Сол сияқты осыдан 15 жыл бұрын Бейжіңде қола медаль алған Елена Шальгинаға да күресті қою керек шығар. Бұл жолы ол іріктеуде Олимпиада ойындарының жүлдегері Мими Христовадан (Болгария) оңбай ұтылды.
Есесіне, көрші қырғыздардың қыздары керемет. Үш дүркін әлем чемпионы Айсұлу Тыныбекова 62 келіде чемпион атанды. Жартылай финалда жапон мықтысын, финалда америкалық Кайлу Мираклдың осал тұсын тапты.
Екінші алтынды 76 келідегі Айпері Медетқызы жеңіп алды. Финалда қытайлық Цзаюань Ванның жауырынын жер иіскетті.