IV Көшпенділер ойыны ‒ Көкпардан Қазақстан құрамасы Өзбекстанды ойсырата ұтты

Qaz365.kz редакциясы

Есеп: Қазақстан-Өзбекстан. 8-1

vesti.kz

Бүгін Түркияның Изник қаласында өтіп жатқан IV Көшпенділер ойынының ашылу салтанаты өтті. Байрақты бәсекенің алғашқы күнінде көкпардан Қазақстан құрамасы Өзбекстанды ойсырата ұтты, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі Qazsport телеарнасына сілтеме жасап.

Көшпенділер ойының ашылу салтанатына ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов арнайы қатысып, ел спортшыларына сәттілік тіледі. Алғашқы ойын күнінде көкпаршылардан өзге садақ ату мен ат үстінде нысана көздеуден жарыс өтті.

Ұлттық құраманың сапында өнер көрсететін Құрманбек Тұрғанбек хэт-трик жасаса, Абылайхан Нышанбеков, Арман Жамалбеков, Ынтымақ Әліпбай, Ислам Ірәт және Айнабек Бердіқұл бір-бір салымның авторлары атанды.

“Біздің жігіттер осы ойынға 2-3 айдай тыңғылықты дайындалып, 3 этапты жаттығудан өтті. Қарсыластардың қай-қайсысы болсын өте мықты. Барлығы тәжірибелі комондалар. Біздер алдағы ойындарға бар күш-жігерімізді салатын боламыз”, ‒ деді көкпардан Қазақстан құрамасының капитаны Ұлан Байтөреев.

Көкпардан Қазақстан мен Өзбекстан ұлттық құрамаларының ойын нәтижесі бойынша сегіз де бір есебімен Қазақстан командасы жеңіске жетті.

“Шыны керек біз тақымдаған тұлпарлар әлсіз, сыны нашар болып жатыр. Шауып келе жатып, екпінге төтеп бере алмай құлап қалып жатыр. Бірақ соған қарамастан, жігіттер бірауыздан бірігіп жеңіске жеттік. Алдағы ойындарға болжам айту қиын. Бізге жанкүйер болыңыздар”, ‒ деді хэт-трик авторы Құрманбек Тұрғанбек. 

Айта кетерлік жайт командалар өздерімен бірге көкпар жылқыларын алып барған жоқ. Жергілікті тұлпарларды тақымға басып үйретіп, жарыс алаңына шығып жатыр.