Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің жеңімпазы атанды

Qaz365.kz редакциясы

Осыған дейін қарсыластар төрт мәрте кездескен

olympic.kz

Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби (ОАӘ) WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен бас жүлдені сарапқа салды. Теннис федерациясының мәліметінше, осыған дейін қарсыластар төрт мәрте кездескен. Есеп тең – 2:2.

Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина бет қаратпады – 6:1. Елена екінші сетте де брейкпен алға кеткенімен, ресейлік теннисші сол бойда таразы басын теңестірді – 2:2. Есеп 4:4 болғанда Рыбакина тағы бір брейк жасады – 5:4. Содан кейін матчқа доп бергенде, қателеспеді – 6:4.

Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 3 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын өз есебіне жазды. Осылайша, биыл Елена Рыбакина WTA 500 жарысында екінші рет жеңімпаз атанды. Ол өткен айда Брисбенде (Аустралия) үздік шыққан еді.