Дулат Бекбауов Болгариядағы «Кіші әлем чемпионатында» топ жарды

Qaz365.kz редакциясы

Ол 67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетті

Фото: gov.kz

Болгария астанасы София қаласында бокстан Странджа кубогы мәреге жетті. Қазақстанның үш боксшысы жүлдеге ілікті, деп хабарлайды Qaz365.kz

Атап айтсақ, 67 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз Дулат Бекбауов чемпион атанды. Ол финалда үндістандық Раджаттың осал тұсын тапты.

Ал 51 келіде бақ сынаған Санжар Тәшкенбай финалда тағы бір үндістандық Амит Пангалға есе жіберіп алды. Сөйтіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Оған дейін Санжар өзбекстандық Асылбек Жалиловты жеңген еді.

Қола жүлде 80 келідегі Тұрсынбай Құлахметке бұйырды. Ол жартылай финалда Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқаннан ұтылды.

Жалпы «Кіші әлем чемпионаты» саналатын Странджа кубогында Қазақстаннан 10 боксшы қатысқан.

Былтыр бұл жарыста Оразбек Асылқұлов (57 келі) – күміс және Нұрқанат Райыс (75 келі)қола жүлдегер атанған болатын.