Ресейдің ойлап тапқан жарысын Тоқаев Қазақстанда өткізуді ұсынды

Qaz365.kz редакциясы

Турнирге 100-ден аса елден 2 мың спортшы жиналды деген ақпарат бар

Фото: Ақорда

Халықаралық спорт жарыстарынан шеттетілген Ресей қазір әртүрлі жарыстар ойлап табуға бейім болып кетті. Бұған дейін Беларусь елінде ТМД ойындары өткен. Енді Татарстан астанасында «Болашақтың ойындары» атты халықаралық жарыс басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Фиджитал турнирге 100-ден аса елден 2 мың спортшы жиналды деген ақпарат бар. Қазақстаннан 48 спортшы қатысып жатыр. Қатысушылар спорттың 21 түрінен өнер көрсетуде. Біздің спортшылар соның 13-і бойынша бақ сынайды.

Жарыстың бір ерекшелігі – ойыншылардың интеллектуалды және физикалық біліктілігі бірдей сыналады. Хоккейшілер алдымен экранның алдында тұрып, джойстик арқылы виртуалды хоккейдей бақ сынасса, кейін шынайы мұз айдынына шығып, кәсіби хоккейден өз арасынан мықтыны анықтайды. Жеңімпаздар 4,5 млрд теңгені өзара бөліп алады.

Ашылу салтанатына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та барды. Мемлекет басшысы осы ойындарды елімізде өткізуге ұсыныс жасады.

«Шын мәнінде, «Болашақтың ойындары» – IT интеллект пен спорт ұштасқан бірегей формат. Біз мұнда мықты команда әкелдік. Жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Жалпы Қазақстанда IT секторы дамып келеді. Біздің өз ойындарымыз бар. Халықаралық деңгейде жарыстар өткіземіз. Ресей Федерациясы дер кезінде қолға алған осы бастаманы жалғастыру үшін келесі «Болашақтың ойындарын» біздің елімізде ұйымдастыруды ұсынамын», – деді Президент.

Айта кетейік, Халықаралық олимпиадалық комитет 2017 жылы 5 желтоқсанда Ресейді халықаралық жарыстардан шеттетті. Оған себеп  –  Дүниежүзілік антидопинг агенттігінің (World Anti-Doping Agency, WADA) зерттеуі көрсеткендей, Кремльдің өзі ресейлік спортшылардың жаппай допинг қабылдауын ынталандыратын бағдарламаны қолдаған.

Ал 2022 жылы 24 ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін барлығынан қағылды. Футболшыларына дейін еурокубок, әлем чемпионаты, Еуропа чемпионаттарынан тыс қалды.

Амал жоқ, көп спортшылары карьераларын аяқтады. Кейбірі басқа елдің азаматтығын алды. Сонымен қатар рұқсат етілген жағдайда Халықаралық олимпиада комитетінің бейтарап туының астында өнер көрсетіп жүр.