Бочча – тірек-қимылы қатты зақымданған адамдар үшін паралимпиялық спорт түрі
Астанада бочча федерациясының бірінші президенті және Паралимпиадалық осы спорт түрінен алғашқы жаттықтырушы Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған жарыс өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Паралимпиадалық спорт түрлері, бірінші кезекте, рухы асқақ, жігері мықты, мақсаты айқын адамдарға арналғаны сөзсіз. Соңғы жылдарда елімізде бұл саланың қарқынды дамып келе жатқаны қуантады.
Бұл жолы Қазақстанның 8 өңірінен келген параспортшылар «Аспан» спорт кешенінде бақ сынады. Сұлтанбек Орынбасаров елімізде бочча спортының негізін қалаушылардың бірі. Ол небәрі 23 жасында өмірден озды. Жас болса да спорттың осы түрін елде дамытуға өлшеусіз үлес қосқан. Еске алу турнирі екінші рет ұйымдастырылды.
Қазіргі кезде осы спорт түрінен федерация басшысы қызметін атқаратын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жарысқа қатысушыларды турнирдің жоғары деңгейде өтуімен құттықтай келіп, Сұлтанбек Орынбасаровтың Қазақстанда бочча спортының қалыптасып, дамуына зор еңбек сіңіргенін атап өтті.
Ол сонымен қатар өткен үш жылдың ішінде елімізде аталған спортқа деген қызығушылардың қатары айтарлықтай артқанына назар аударды.
«Алғаш рет, яғни 2021 жылы сайысқа еліміздің 6 өңірінен келген 30 спортшы қатысқан. Ал, бұл жолы 10 өңірдің намысын қорғаған 70 спортшы бақ сынады. Мұндай үрдіс инклюзивті орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстың маңыздылығын және мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы қауымдастықтың қаншалықты қажет екенін көрсетеді», - деді федерация президенті.
Сондай-ақ ол мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инклюзивті қоғам құру мәселесіне үнемі баса мән беріп келе жатқанын айтты. Осыған байланысты елде кедергісіз орта қалыптастыру үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Берік институционалдық негіз қалыптасып, еліміздің ірі қалаларында бочча спортының үйірме-филиалдары ашылуда.
«Жүйелі жаттығулар параспортшыны одан әрі шыңдап, олардың төзімділігін арттырып, рухын қайрайды. Әр адам өзінің бойындағы осындай қасиеттерді күнделікті жетілдіріп, дамытып отыруы қажет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету және кедергісіз орта қалыптастыру мәселелеріне әрдайым баса мән беріп келеді. Бұл – біздің мемлекетіміз бен қоғамның алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Сондай-ақ осы мәселе Парламенттің де айрықша назарында», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ол Қазақстан бочча федерациясының алдағы жұмыс жоспарына тоқталды. Бұл ретте ұлттық құраманың кәсіби деңгейін арттыру, сол арқылы параспортшыларды қолдап, ынталандыру, елімізде аталған сайыс түрін одан әрі дәріптеу және «Баршаға арналған бочча» тұжырымдамасын іске асыру осы бағыттағы маңызды міндеттер ретінде белгіленгенін атап өткен жөн.
«Біз ерекше спортшыларды даярлау және жаттықтырушылар құрамын күшейту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз. Бұл істе өңірлерге басымдық берілетінін атап өткен жөн. Біз елімізде боччаны дамытудың негізгі екі бағытын белгілеп алдық. Біріншіден, әлеуеті жоғары параспортшыларды қолдаудың және олардың ірі халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз етудің маңызы зор. Екінші перспективалық бағыт – «Баршаға арналған бочча» тұжырымдамасы. Мүгедектігі бар азаматтардың ортаға бейімделуіне ықпал ететін мұндай қадам спорттағы инклюзивті және интеграцияланған тәсілдің жарқын көрінісі екені анық. Федерацияның осы екі бағыт бойынша атқаратын жұмысы боччаны серік еткен азаматтардың мүдделерін іске асыруа ықпал етеді деп сенеміз», – деген Мәулен Әшімбаев жарыстың жоғары деңгейде өткізілгеніне және оған қатысушылардың шеберліктеріне назар аударды.
Қазақстан бочча федерациясы мамандарының айтуынша, федерация жеке жарыстармен қатар, алғаш рет командалық және жұптық сайыстар өткізіп отыр. Бұл турнир еліміздің үздік боччашыларын анықтау, инклюзивті қоғам құру жолында атқарылып жатқан жұмыстарға жұртшылықтың назарын аудару және мүгедектігі бар азаматтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуді көздейді.
Бочча – бұл тірек-қимылы қатты зақымданған адамдар үшін паралимпиялық спорт түрі саналатын доп ойыны.