Ол Қазақстан құрамасын 2022 жылдан бері жаттықтырған еді
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев жаңа қызметке тағайындалды. Ол бүгін туған жеріне қоныс аударды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Яғни, Шешенстан астанасы Грозный қаласының намысын қорғайтын «Ахмат» футбол клубының бас бапкері болып тағайындалды. Жаңа бапкерді ұжымға клуб президенті Магомед Даудов таныстырды.
Грозный қаласының командасымен маусым соңына дейін келісімшартқа отырған маман ұлттық құрамадағы жұмысын жалғастыра береді.
Адиевтің алдында тұрған басты мақсат – жаңа командасын Ресей біріншілігінің жоғарғы дивизионында сақтап қалу. «Ахмат» Ресей премьер-лигасының турнирлік кестесінде 21 ойыннан кейін 20 ұпаймен 12-орында келеді.
Айта кетейік, Магомед Адиев Қазақстан құрамасын 2022 жылдан бері жаттықтырады.
Оның Қазақстан ұлттық құрамасында қалу-қалмауы маусым соңында анықталады. Әзірге екі жұмысты қатар алып жүрмек.