Қазақстан әйелдер құрамасы жауынгерлік қанат жаюдан әлем чемпионы атанды

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстан құрамасының нәтижесі ‒ 27,16 секундты құрады

Gov.kz

Қазанның төрті күні Самарқанд қаласында Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионаты аясында ҚР ТЖМ әйелдер құрамасы “Өрт-сөндіру құтқару спорты” бойынша әйелдер арасындағы VII Әлем чемпионатының жауынгерлік қанат жаюдан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

4 әйелдер командасы жауынгерлік қанат жаюдағы біріншілік үшін күресті. Өрт сөндіру-құтқару спортының бұл командалық түрі өртке келген кезде өрт сөндірушілердің іс-әрекеттерін қайталайды. Бұл кезеңнін мәні ‒ магистральдық жеңқұбыр желісін тез әрі дұрыс төсеу және нысанды су ағынымен залалсыздандыру. Нысана ортасындағы тесік арқылы сыйымдылықты он литр сумен толтырғаннан кейін залалсызданған болып саналады.

Әйелдер командалары арасындағы жарыс Қазақстан Республикасының құрама командасының жеңісімен аяқталды. Нәтижесі 27,16 секундты құрады.

2-орынды Ресей Федерациясының командасы, 3-орынды Беларусь және Өзбекстан Республикасының құрама командалары иеленді.

Еске сала кетейік, 1 қазанда Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында ерлер арасында өрт-сөндіру құтқару спортынан XVII Әлем Чемпионаты және өрт-сөндіру құтқару спортынан әйелдер арасында VІII Әлем чемпионаты басталған болатын.

Өрт-қолданбалы спорт – өрт сөндірушілер жеке құрамының жауынгерлік даярлығының құрамдас бөліктерінің бірі. Ол өрт сөндірушілердің дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Олардың төтенше жағдайларда әрекет ету қабілеті және тұтастай алғанда қызметкерлердің физикалық дамуына ықпал етеді. Сонымен қатар спортшылар жылдам, икемді, төзімді және күшті болулары керек. Бұл дағдылардың барлығын Қазақстан құрамасының спортшылары жетік меңгергендігі сайыс нәтижесінен көрінді.