Футбол: Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері тағайындалды

Qaz365.kz редакциясы

Черчесовтың басшылығымен ұлттық құрама осы айда екі жолдастық кездесу өткізеді

Фото: РФО

Ресейлік маман Станислав Черчесов футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.

Станислав Черчесов футболшы кезінде "Спартак" (Орджоникидзе), "Спартак" (Мәскеу), "Локомотив" (Мәскеу) және "Динамо" (Дрезден) сияқты клубтарда ойнаған.

Ол Ресейдің "Спартак" (Мәскеу), "Жемчужина", "Терек", "Амкар", "Динамо" (Мәскеу) сынды командаларында жаттықтырушы болып жұмыс істеген. Бұдан бөлек Ресей құрамасын, Польшаның "Легиясын", Мажарстанның "Ференцварошын" басқарды.

Бапкерлік мансабындағы жетістіктері:

  • Ресей чемпионатының күміс жүлдегері (2007);
  • Польша чемпионы (2015/16);
  • Польша кубогының жеңімпазы (2015/16); 2018 жылғы әлем чемпионатының 1/4 финалы (Ресей құрамасымен);
  • Мажарстан чемпионы (2021/22, 2022/23);
  • Мажарстан кубогының иегері (2021/22).

Черчесовтың басшылығымен ұлттық құрама осы айда Армениямен (7 маусым) және Әзірбайжанмен (11 маусым) екі жолдастық кездесу өткізіп, күзде Ұлттар лигасының В дивизионында (қарсыластары – Словения, Норвегия және Австрия) ойнайды.

Еске салайық, осыған дейін ұлттық құраманы жаттықтырған Магомед Адиев қызметінен кеткен еді. Ол мұндай шешімді отбасылық жағдайына байланысты қабылдағаны айтылды.